Экономика
Выбор редактора
"Даму" қоры жаңа бағдарламаларын таныстырды
Соңғы бірнеше ай ішінде «Даму» қоры микроқаржылық ұйымдар мен франчайзинг жобаларды қаржыландыру, ШОБ-ті факторинг көмегімен несиелендіру секілді бірнеше бағдарламалар енгізді. Сондай-ақ жыл басында енгізілген «Даму-блиц» жаңа технологиясының қанатқақты жобасы да жемісті жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, «БЖК 2020» Бірыңғай бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. Бұл жайында баспасөз мәслихаты барысында «Даму» Қоры басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров мәлімдеді.
«Біз дәл осы микро және шағын кәсіпорындардың, әсіресе ауылдық жерлерде банк несиелеріне қол жеткізе алмайтынын Директорлар Кеңесі алдына дәйектедік. Сондықтан да олар үшін бұл бағдарлама - қосымша қаржыландыру көзі. Ал жеделдігі және деңгейлеріне қарай, әрі жекелеп қолға алатындықтан, мұндай қосымша қаржыландырумен микроқаржылық ұйымдар айналысуы керек. Ал «Даму» Қоры өз бағдарламаларымыз тарапынан микронесиелендіру нарығын қаржы бөлу арқылы қолдаймыз. Сондай-ақ облыс орталықтарынан шалғай жатқан ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін қаржының қол жетімдігі мен микро және шағын кәсіпкерліктіктің жедел несие алуына жағдай жасаймыз,- деді баспасөз мәслихатында сөз алған Дәулет Әбілқайыров.
Биыл осы мақсатта «Даму» Қорының өз қаражатынан шамамен 1 млрд. теңге бөлінеді. «Даму» Қоры микроқаржыландыру саласына Халықаралық Қаржы Ұйымдарының да қаражатын тартуды да көздеп отыр.
Осылайша 2020 жылға дейін Қазақстанның микро қаржыландыру саласына бөлінетін жалпы сома 15 млрд. теңгеге жетеді. Микро қаржылық ұйымдарды несиелендіру бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2020 жылы 1 755 жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлер саны 27 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр.
Жедел несиелендірудің «Даму Блиц» жаңа технологиясы алғашқы нәтижелерін де көрсете бастады. 3 ай ішінде кәсіпкерлердің несиелендіруге өтінім берген 43 жобасы мақұлданған. Өтінімдерді қараудың орташа уақыты - 7 күн.
Жыл соңына дейін бұл технология барлық өңірлерге енгізілмек
Анықтама. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Даму» Қоры Астана, KassaNova және Альфа-Банкпен бірге «Даму-Блиц» несилендіру технологиясы» жобасын енгізді. Ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Жоба Алматы мен Алматы облысы бойынша жүзеге асырылып келеді. Оған экономиканың басымдық берілген салаларында қызмет ететін Алматылық кәсіпкерлер мен кез-келген салада қызмет етіп жатқан Алматы облысының кәсіпкерлері өтінім бере алады. Несие 3 млн теңгеге, 20 млн теңгеге және 30 млн теңгеге беріледі.