Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Данияр Ақышев ЕАЭО консультациялық кеңесінің отырысына қатысты

Данияр Ақышев ЕАЭО консультациялық кеңесінің отырысына қатысты

Алматы. 19 қыркүйек. 7kun.kz – Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылғы 17 қыркүйекте Ереван қаласында өткен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктерінің Валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыс барысында қаржылық реттеушілердің басшылары ЕАЭО-ның болашақ ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының ережелерін талқылады. Олар банктік және сақтандыру секторларындағы, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы еншілес ұйымдардың қолжетімділігін жеңілдетуге байланысты мәселелерге ерекше назар аударды. Сонымен қатар тараптар Тұжырымдаманың қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органның міндеттерін және өкілеттіктерін сипаттауға арнаған бөлімінің мазмұнына қатысты пікір алмасты, ол орган 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа сәйкес Алматы қаласында 2025 жылы құрылуға тиіс.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық банктерінің төрағалары әріптестерімен ағымдағы экономикалық жағдай және өз елдеріндегі ақша-кредит саясатының іске асырылу барысы туралы ақпаратпен бөлісті, сондай-ақ Армения Республикасының бірыңғай ақша аудару жүйесімен танысты.

Аталған іс-шара барысында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Д. Ақышев және Беларусь Республикасы Ұлттық банкінің Басқарма Төрағасы  П.Каллаур Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды. Келісім қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздік және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша екі банк арасында ынтымақтастық орнатуға бағытталған. Бұл құжатты іске асыру тұрақты байланысты орнату, заманауи киберқауіптерге қарсы іс-қимыл саласында ақпарат жинау, өңдеу және алмасу арқылы қаржы реттеушілеріне тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бес елдің орталық (ұлттық) банктерінің төрағалары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарында мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қажеттілігі негізінде лицензияларды өзара тануды және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарына кемсітусіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

Похожие материалы