Алматы. 6 ақпан. 7kun.kz - Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев телеарналардың біріне берген сұхбатында теңгенің рубль әсерінен құнсыздануына қатысты пікір білдірді.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, экономиканың бір секторы болсын я қаржы нарығы болсын Ресейде болған жатқан кез келген жағдай Қазақстанға сөзсіз әсер етеді.
«Егер Ресейде девальвация болса, теңгенің де долларға қатысты курсында қандай да бір өзгеріс болады. Бірақ тап сондай деңгейде болмайды. Екіншіден, бұл сұраққа ресейлік валютаның құнсыздануынан кейін жауап берсем. Себебі біз болашақта болуы мүмкін, бірақ әлі болмаған дүниелерді талқылап отырмыз. Қазіргі жағдайда болжамдар жасап, жергілікті нарықты шатастырудың қажеті жоқ», - деді ҰБ төрағасы.
Данияр Ақышев қазір теңге курсы Ұлттық банктің араласуынсыз-ақ тұрақты екенін айтты.
«Көбі соңғы кезде теңгенің неге тұрақты бола бастағанын талқылап жатыр. Ұлттық валютамыз тек нарық жағдайына байланысты нығайып жатыр. Менің ойымша, теңгенің құны сыртқы нарықта қалыптасқан жағымды жағдайға байланысты тұрақталып келе жатыр. Ең алдымен бұл мұнай бағасының артуынан болуы мүмкін. Бұл бірден болмайтыны түсінікті. Кейбір дамушы елдердің валютасы бұдан бұрын нығайып үлгерді, бірақ бұл да жоғарыда айтқан мұнай өнімдерін тасымалдауға байланысты жағдай. Сол үшін кешігіп болса да, тұрақталып жатыр», - деді Ақышев.
Естеріңізде болса, Ресей сарапшылары рубльдің құнсыздануы мүмкін деп болжам жасағанын жазған едік. Бұған дейін Ресейдің қаржы министрі рубль курсын жоғары деп санайтынын айтып, оны 10 пайызға девальвациялау керек екенін мәлімдеген баяндамасы осыған негіз болған еді.
Қазақстандық сарапшылар мұның теңгеге әсер ететінін айтып, болжам жасаған.
7kun-ге жауап берген қаржыгер Расул Рысмамбетов Ресей Қазақстанның ең үлкен сауда әріптесі болғандықтан, көрші елде девальвация болса, ол бізге сөзсіз зиянын тигізетінін жеткізді. Маман девальвация болса Ресейдің арзандаған тауарларын нарығымызда тағы да қаптап кетеді деп алаңдаушылық танытып отыр. Сарапшы арзандаған импорттық тауарлардың көбеюі елдегі төлем балансына кері әсер ететінін айтады.