Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Давостан кейінгі депрессия

Давостан кейінгі депрессия

ДАВОС – Швейцарияның Давос қаласында жыл сайын өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға қатыстым. 1995 жылдан бері жылына бір рет мұнда жер-жаһанның элитасы бас қосып, әлемдегі мәселелерді ортаға салады. Бұрын-соңды ешқашан бұл жиыннан осы жолғыдай көңілсіз қайтпаған болармын.

Әлем күрмеуі қиын мәселелерден жапа шегіп жатыр. Әсіресе дамыған елдерде теңсіздік өршіп барады. Әлеуеті мықты болғанына қарамастан, цифрлық революция жеке өмірге, қауіпсіздікке, жұмыс орындарына және демократияға үлкен қауіп әкелді. Бұл проблемаларға Facebook пен Google сияқты америкалық және қытайлық бірнеше алпауыттардың монополиялық үстемдігін қосыңыз. Климаттың өзгеруі бүкіл әлемнің экономикасына тікелей қатер төндіріп тұр.

Бұл проблемалардың өздерінен бұрын жұрттың оларға реакциясы түңілдіреді. Бекер обалы не керек, Давостағы жиында әлемнің әр түкпірінен келген басшылар құндылықтардың маңыздылығы жайлы әңгімеден сөз бастап жатты. Өздерінің айтуынша, олар акционерлердің табысын ұлғайту үшін ғана емес, жұмысшыларының, айналысының және жалпы әлемнің болашағын жарқын ету мақсатында тер төгіп жатыр екен. Олар тіпті климаттың өзгеруі мен теңсіздіктің қатеріне қатысты пікір білдірді.

Бірақ, сөздерін тыңдап болған соң Давосқа келген басшыларды ынталандыратын құндылықтар жайлы бастапқы иллюзициядан арыласыз. Бұл басшылар ең алдымен өздері «қалыптастырып», көп шапағатын көрген жаһандануға қарсы популистік шабуылдан қорқатын сияқты.

Бұл жүйе Еуропа мен АҚШ-тағы халықтың көп бөлігіне кері әсер етіп, талай отбасының табысын азайтқанын, соның ішінде жұмысшылар кірісінің үлесін мүлде төмендетіп жібергенін экономикалық элита өкілдерінің түсінбей тұрғаны таңқалдырмайды. АҚШ-та орташа өмір жасы екі жыл қатарынан төмендеп барады, ал тек орта білімі барлардың өмір жасы азайып бара жатқалы біраз болды.

Америкалық компаниялар басшыларының арасында осы жиынға өзі де қатысқан АҚШ президенті Дональд Трамптың фанатизмі, әйелдерді кемсітуі, нәсілшілдігі жайлы сөз еткен бірде-бір адам болған жоқ. Оның АҚШ президентінің және бүкіл елдің әлем алдындағы беделін түсірген мәдениетсіз сөздерін, көрінеу өтірігін және оспадар қылықтарын да еске салған ешкім болмады. Шындыққа көз жеткізу жүйесінің, тіпті сол шындықтың өзінің әдірем қалғанын сөз еткен тірі жан болған жоқ.

Америка корпоративтік алыптарының арасында Трамп әкімшілігінің АҚШ экономикасына қуат беріп, азаматтардың өмір стандарттарына үлес қосып отырған ғылымға бөлінетін қаржыны азайтқанын айтатын адам шықпады. Трамп әкімшілігінің халықаралық институттардан бас тартқанын да, жергілікті баспасөз бен сот жүйесіне қырын қарағанын да ауызға алған ешкім болмады. Ал әкімшіліктің бұл әрекеті - АҚШ демократиясының іргетасы саналатын тежеу және теңгеру жүйесіне жасалған шабуыл емей немене?

Есесіне Давосқа келген басшылар жақында Трамп пен Конгрестегі республикашылар әупіріммен өткізген салық туралы жаңа заңды ауыздарының суы құрып мақтады. Бұл заң ірі корпорациялар мен оларға иелік етіп және басқарып отырған Трамптың өзі сияқты ауқатты адамдарға жүздеген миллиард доллар қаражат бергізеді. Бұл заң толық күшіне енген жағдайда соңғы отыз жылдан бері жағдайы нашарлап бара жатқан орта тап өкілдері бұрынғыдан да көп салық төлейді. Жиынға келген байлар бұған бас қатыра қоймады.

Тіпті олардың өсімді барлығынан жоғары қоятын қасаң материалистік әлемінде Трамптың салық заңына қуанудың еш реті жоқ. Ақыр соңында ол жылжымайтын мүлік саласындағы салықтың төмендеуіне алып келеді, бұл - ешқандай елді тұрақты дамуға жеткізбегенімен, барлық елдерде теңсіздіктің артуына алып келген нәрсе.

Бұл заң маңызды идеялар мен инновацияның қайнар көзіне айналған Гарвард, Принстон сияқты университеттерді де салық төлеуге мәжбүрлейді. Бұл білім мен инфрақұрылым саласына инвестиция салудың арқасында өркендеп келе жатқан жергілікті жерлердегі мемлекеттік шығындардың қысқаруына алып келеді. Трамп әкімшілігі «21 ғасырда білімге көп инвестиция салғанда ғана жетістікке жетуге болады» деген айқын ақиқатты елемеуге тырысып отыр.

Давосқа жиналған басшылар қайта реттеу мен байлар мен олардың корпорацияларына салынатын салықты азайту барлық мәселенің түйінін шешеді деп ойлайды. Олардың айтуынша, байлықтың жоғарыдан төменге берілуінің арқасында мұның игілігін бүкіл халық көреді-мыс. Табиғатты қорғау үшін тиісті реттеу жүйелерін енгізудің де қажеті жоқ, себебі бұған Давосқа жиналған басшылардың адал ниеті де жеткілікті көрінеді.

Ал тарихтың сабағы айқын. Экономикада байлық жоғарыдан төменге берілмейді. Табиғаттың мұндай мүшкіл халге түсуінің бір себебі - корпорациялар әлеуметтік міндеттемелерін өз еріктерімен орындаған жоқ. Тиімді реттеу енгізіп, ауаны ластағаны үшін нақты ақша төлеуге мәжбүрлемейінше, олар бұрынғы әдетінен жаңылып, басқаша әрекет ете бастайды дегенге сену қиын.

Давосқа жиналған басшылар өсімнің қайта басталғанын, табыстарының артқанын айтып масайрап жатты. Экономистер оларға бұл өсімнің тұрақсыз екенін және оның жалпыны бірдей қамтымағанын айтып ескерту жасады. Бірақ материализм үстемдік еткен әлемде бұл пікірге құлақ асқандар аз.

Сондықтан, корпорация басшылары сөздерінің бірінші абзацындағы құндылықтар жайлы жаттанды ойларға мән бермеңіздер. Олардың бойында 1987 жылғы «Уолл стрит» фильміндегі Майкл Дуглас ойнайтын кейіпкердің бойындағыдай аңқаулық жоқ шығар. Бірақ «Ең дұрысы - сараңдық» деген пікір сол қалпы қайталанып тұр. Бұл пікір жаңсақ болса да, биліктегілердің көбі оны ақиқат деп қабылдайды. Мені бәрінен қатты қынжылтқан да - осы.

Автор туралы: Джозеф Стиглиц – экономика саласында Нобель сыйлығының лауреаты. Оның соңғы кітабы «Жаһандану мен оған қарсылық: Трамп дәуіріндегі антиглобализация» деп аталады.

Copyright: Project Syndicate, 2018. www.project-syndicate.org 

Похожие материалы