Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Денсаулық сақтау министрі қамауға алынған қызметкерлеріне қатысты пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі қамауға алынған қызметкерлеріне қатысты пікір білдірді

Астана. 11 шілде. 7kun.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов фармация комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Біртановтың айтуынша, ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталған Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Л.Пак зейнет жасқа жетіп, жұмыс істеген.

"Лариса Пак денсаулық сақтау саласында көптен бері жұмыс істеп келеді. Білуімше, мемлекеттік қызметке ол 2002 жылы келген болатын. Осы уақытқа дейін ол барлық сатылардан өтіп, комитет басшысы қызметін де атқарған. Былтырдан бері Пак комитет басшысы міндетін атқарушы болып жұмыс істеді", - деді Біртанов журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің айтуынша, бұрын министрлікте фармацевтикалық және медициналық қызметті бақылау комитеті болған. Бертін келе фармация комитеті бөлек шығарылды. "Дәл осы комитетте ол төрағаның орынбасары әрі міндетін атқарушы болған. Оны комитет төрағасы қызметіне қоймады. Себебі кәсіби біліктілік талаптарына сай келмеді. Біріншіден, ол зейнет жасқа жеткен. Сол себепті "А" категориясына, яғни комитет төрағасы қызметіне таласа алмады", - деп атап өтті Елжан Амантайұлы.

"Комитет төрағасы міндетін атқарушы және оған қарасты қызметкерлер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелермен айналысты. "СК Фармацияның" күнделікті жұмысына да араласты. Дәл осы ұйымның дәрі-дәрмектерді сатып алуға жауапты екені белгілі. Оның қызметі тиісті нормативтік базамен реттеледі. Оны да комитет әзірлейді", - деді ол.

Еске салсақ, 2017 жылдың 10 шілдесінде Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті мен оның аумақтық құрылымдарының лауазымды тұлғалары жүйелі түрде пара алып, фармацевтикалық компаниялардың мүддесін қорғағаны үшін қамауға алынған болатын.

Похожие материалы