Алматы. 19 желтоқсан. 7kun.kz — "Денсаулық" бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында елде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарды, орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлім етті.
"Үкіметке медициналық көмектің сапасын жақсарту, алғашқы көмек шығындарын 60%-ға дейін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, аурушаңдықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Осы маңызды міндеттерді шешуге жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасы бағытталған. Халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру үшін қоғамдық денсаулық қызметі жаңғыртылады", - деді Асқар Мамин.
Бұдан басқа, медициналық көмектің сапасын арттыру, денсаулық сақтауда бірыңғай цифрлық кеңістік құруды аяқтау жөнінде шаралар қабылданады. Ол үшін ауруларды ерте анықтауды ынталандыруға байланысты емханалар мен ауруханаларды қаржыландыру жетілдіріледі. Барлық өңірлерде бастапқы медициналық көмектің үздік практика орталықтарын дамыту жалғасады.
"Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарының ұлттық жүйесі құрылады. Дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысы орташа есеппен екі есе артады, оларды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі. Жалпы, бір дәрігердің жүктемесі ЭЫДҰ стандарттарына дейін төмендейді. Денсаулық сақтау жүйесін тұрақты дамыту мақсатында медицина саласының инвестициялық ахуалы түбегейлі жақсарады. Бұл салаға алғаш рет 2,8 трлн теңге, оның ішінде 2,2 трлн теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланып отыр. Осы қаражат есебінен 431 денсаулық сақтау нысаны салынады, оның ішінде МЖӘ тетіктері арқылы халықаралық деңгейдегі 19 жаңа көп бейінді аурухана салынады", - деп атап өтті премьер.
Оның айтуынша, бұл шаралар төсек қорын 50%-ға жаңартуға және ғимараттардың тозуын 60%-дан 38%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
"Осы шаралардың барлығы медициналық инфрақұрылымды жақсартады, жалпы алғанда, ауру деңгейін төмендетеді, орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін арттырады", - деді Асқар Мамин.