Экономика
Депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтініш қабылдау мерзімі ұзартылды
Қазақстан банктерінің жеке тұлғалар депозиттеріне өтемақы төлеу аясында салымшылардан өтініштер қабылдау мерзімі ұзартылды. Оған себеп - теңге курсының өзгеруі. Өтініштер 1 желтоқсанға дейін қабылданатын болады. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлайды.
"Теңгелік депозиттері бар салымшыларды барынша қамту мақсатында, сондай-ақ банктердің өтініштері бойынша осындай шешім қабылданып отыр. 2015 жылдың 18 тамызына дейін екінші дәрежелі банктерде немесе "Қазпочтада" ашылған депозиті барларға өтемақы төленеді. Сол кезеңде банк есепшотында салым бойынша қалдық 1 миллион теңгеден аспауы тиіс", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Өтемақыларды төлеу жеке тұлғалардың мерзімді депозиттері бойынша жүргізіледі. Салымның ашылғанына бір жылдан кем болмауы тиіс. Егер салымшыда бірнеше депозит болып, олардың барлығы 1 миллион теңгеден аспаса, барлық салымдар бойынша өтемақы алады.
Сарапшылардың бағалауынша, өтемақы төлеу ауқымы 1,5 млн адамды немесе барлық теңгелік депозиті барлардың 86 пайызын қамтиды.