Экономика
Депутаттар сырттан несие алуға берілген лимит бітіп қала ма деп алаңдайды
Қазақстан Дүниежүзілік банктен 1 млрд доллар қарыз алатын болды. Мұны кеше Парламент ратификациялады. Бұл қаражат бюджет тапшылығының орнын толтыруға жұмсалмақ.
«Аталған қарыз ағымдағы жылғы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Тартылатын қарызды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қарыз бекітілген бюджет тапшылығы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекеттік қаржылық теңгерімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды болады», - деді депутаттар алдында жобаны қорғаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Қарыз Қазақстанға 2,5 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 20 жыл өтеу мерзімімен беріледі.
Жиын барысында депутаттар сырттан қарыз алуға қарсылық білдіргенімен, заң жобасын мақұлдады. Олардың арасында сыртқы қарыз алуға арналған лимит бітіп қала ма деп алаңдағандар да болды.
"Квазимемлекеттік сектор дегеніміз –үкіметке тиесілі ұлттық компаниялар. Батыста олардың да қарызы мемлекеттік болып есептеледі. Біздің квазимемлекеттік берешегіміз 40 млрд доллар екен, ал мемлекеттің қарызы 26,6 млрд. Сонда жалпы қарыз 67 млрд жуық. Лимит болса - 61 млрд. Үкімет осы ауытқуды қалай реттемек?", - дейді сенатор Ләззат Қиынов.