Алматы. 9 қыркүйек. 7kun.kz - Қазақстан жұлдыздарына теңгенің еркін айналымға кеткені оңайға соқпады. Әншілер мен әртістер өз райдерлерін қайта қарады. Бұл жөнінде Kapital.kz-ке продюсер Ерік Тастамбеков мәлімдеді. Жұлдыздарға деген сұраныс төмендеп, "той-бизнестің" дамуы сәл тежеліп отыр дейді продюсер. Сол себепті ұйымдастырушыларға жайлылық пен гонорарға қатысты қойылатын талаптар "жұмсартылды".
«Доллардың ұшып кеткені әртістерге онша ұнай қойған жоқ. Олардың барлығы доллармен есеп айырысады. Тапсырыстар мен шақыртулар саны азайып кетті. Яғни, халық қазір әншілерсіз асабамен-ақ той жасап жатыр. Бұрын халыққа нан мен қызық керек болса, нанның өзіне ақша таппай жүрген кезде оларға қызықтың да қажеті шамалы болып қалды», –дейді продюсер.
Ерік Тастамбековтың есебінше, әртістерге деген сұраныс 25-30%-ға азайған. Одан бөлек, эстрада жұлдыздары құны 15-20 мың долларлық бейнеклиптерден бас тартып, клипмейкерлермен одан арзанырақ бағаға келісіп жатыр. Өзара оңтайлы тарифті әрқашан табуға болады. Себебі, продакшн-студиялардың да жағдайы мәз емес. Сапасы жақсы, бірақ бағасы сәл төмендетіп клип түсіріп беруге даяр. Бүгінде қиын жағдайдың шығудың жалғыз амалы да осы дейді Тастамбеков.
«Жұмысты жалғастыра беру керек, бейнеклиптер түсіре беру керек. Бұрынғыдай қымбатқа болмаса да, бейнеклиптер түсірілу керек. Халық әншінің жұмыс істеп жатқанын көруі керек. Негізінен, біздің әншілердің басты табыс көзі - той-бизнес. Мысалы, "Музарт" тобы, Қайрат Нұртас, Айқын сынды әншілер танымалдығының арқасында гастрольдерге шығады. Оларға бұл қатты білінбеуі мүмкін. Ал, жалпы алғанда әртістер барынша үнемдеуге тырысып бағып жүр», – дейді продюсер.