Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Дубайға қалай баруға болады?

Дубайға қалай баруға болады?

Қазақстан тұрғындарының демалыста жер көріп, демалу мақсатында жиі баратын үш еліне: Түркия (жылына шамамен 200 000 адам), Біріккен Араб Әмірлігі (30 000-ға жуық) және Тайланд (15000-ға жуық) жатады екен. 7kun.kz редакциясы да көпшіліктен қалмай келесі жылы БАӘ-ға демалуға баруды жоспарладық.

Дайындық кезеңі

Барар жеріңіз бен даталарды анықтап болған соң алдымен таңдап алу керек: керек ақшасын төлеп, виза, қонақүй, ары-бері ұшып-келу әуе билеті сынды бар машақатты туристік агенттікке тапсыру немесе Дубайдағы таныстар арқылы виза жасатып, селф-туризм жасау. Дегенмен, туристік агенттік арқылы бару - нақты Дубай үшін тиімді таңдау. Өйткені агенттік арқылы виза алу (шамамен 75$) тез әрі кепілді.

Екінші мәселе – авиабилет құны. Соңғы бағалар бойынша, Қазақстаннан (Алматы қаласы) Дубайға ұшудың құны «Аir astana» әуе компаниясы бойынша 99 800 теңге тұрады екен. Егер бірнеше ай бұрын тапсырыс берілсе, едәуір жеңілдіктер болады. Яғни барып келу билеті 100 000 теңге көлемінде болады. Сенімді барып келудің бір жолы - турагенттіктер. Бірақ мұндағы баға біршама қымбатырақ. Билет пен қонақүйден бөлек агенттік арқылы медициналық сақтандыру да ала аласыз. Сізді әуежайдан күтіп алып, қонақүйге жеткізу мәселесін шешеді. Қандай-да бір төтенше жағдай кезінде де агенттікке хабарласуға болады.

Билеттен кейінгі басты мәселе - қонақүй. Дәлірек айтсақ, қонақүйдің, ол орын алған ауданның орналасуы. Парсы шығанағына жақын маңай Джумейра деп аталады, ондағы қонақүйлер бағасы жоғары. Ал су жағасынан алыс, қала ішіндегі қонақүйлердің бағалары төменірек болады. Сондықтан егер Дубайға нақты суға шомылып, жағажайда демалу үшін баратын болсаңыздар, Джумейра жағалауынан, ал жалпы қала аралап, қонақүйден шыға салып суға түсе қалу мақсаты болмаса, Дейра, Бар-Дубай, Дубай сити сынды аудандардағы сан түрлі қонақүйлерді қарастырсаңыздар болады. Көп жағдайда эконом вариант ретінде 2* немесе 3* қонақүйлерді қорықпай таңдауға болады. Өйткені Дубайда (Түркиямен салыстырғанда) ондай қонақүйлердің жағдайы жақсы. Алайда Түркиядағыдай «all-inclusive»-ке үйреніп қалған адамдар ондағы қонақүйлердің көбінесе тек таңғы ас негізінде екендігін ұмытпасын.

Сонымен бір апталық "баспана" таңдалып, билет қалтада болған соң, жолға міндетті түрде не аламын деген сұрақ туады. Ұшаққа өткізілетін жүк салмағы 22-25 келіден аспауы керектігін ескеріңіз (авиабилет алар кезде нақтылап алыңыз). Сонымен қатар қол жүгі ретінде кішігірім 10 келілік чемодан да алуға болады. Алайда ол жүктің бәрін затпен толтыру керек деген сөз емес, келердегі алған заттар мен сыйлықтарды да сыйғызу керектігін ойлап, алдын-ала Қазақстаннан барынша тек ең керекті деген заттарды ғана алғаныңыз жөн.

Ауа-райы

Жалпы Дубайға барудың ыңғайлы мезгілі -  қазан мен сәуір аралығы. Әсіресе жаңа жыл, ақпандағы дәстүрлі шоппинг фестиваліне қарсы бағалар жоғарылайды, ал жазда керісінше. Алайда жазда температураның +40-қа дейін баратынын ескерсек, туристердің басым бөлігі суық мезгілде барғанды жөн көреді. Дегенмен желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында, ауа-райы Алматыдағы күздің басы болады. Суға бірден кіріп, сүңгіп кете алмайсың, біршама суық. Сондықтан киім алғанда тек қана шорты, майка емес, қосымша жеңіл жемпір мен шарф-жамылғыларды да ұмытпау керек.

Қай жерлерді аралаймын?

Дубайда тамсандыратын, таң қалдыратын жерлер баршылық. Әсіресе жаңа Дубай аталынатын қала бөлігіндегі Дубай Марина, Пальм Джумейра аудандары, ондағы Бурдж Халифа (әлемдегі ең биік ғимарат 828 м), желкен тәрізді әйгілі Бурдж әл-Араб қонақүйі, қолдан салынған пальма аралдары өте танымал. Гидтің айтуы бойынша, Дубайда "Гиннестің рекордтар кітабына" еніп жатқан түрлі рекордтардың жиі жасалына беруі соншалық, қаланың өзінде сол "Гиннес рекордтар кітабының" штабы ашылмақшы.

Архитектуралық ләззаттан өзге, әлемдегі ең ірі сауда-ойын-сауық кешені (1,2 млн.м²) Дубай Моллды, сондай-ақ ең ірі жабық тау шаңғы курорты бар Эмираттар Моллын аралап шығуларыңызға болады. Ал кешке жақын Дубай Моллдың алдында орналасқан музыкалық фонтанды тамашалай аласыздар. Тағы да "ең" деген сөзді қолдануға тура келеді: бұл фонтан әлемдегі ең үлкен әрі ең биік фонтан болып саналады. Шапшып аққан су биіктігі 150 метрге дейін көтеріледі.

Қала қызықтарынан өзге, әр қонақүйде түрлі экскурсияларды ұсынатын арнайы гидтер отырады. Сафариге, Абу-Дабиге, Жаңа Дубайды аралауға экскурсиялар алсаңыздар болады.

Ал экскурсияларсыз-ақ қаланы өзім аралаймын десеңіз, онда алдын-ала жүру жоспарыңызды құрып, өте ыңғайлы метро арқылы немесе арнайы таксилермен жылжып отырсаңыз болады. Таксиде санағыш құралдары тұратындықтан, алыс бағыттарға шамамен қанша дирхам кететіндігін алдын-ала сұрап алғаныңыз жөн.

 Дубай туристер үшін, әсіресе жалғыз кетіп бара жатқан жас қыздар үшін бірден-бір қауіпсіз туристік жер. Ел шариғат заңымен өмір сүреді, сондықтан ұрлық, зомбылық сияқты қылмыстар жоқ. Болған жағдайда заң алдында физикалық жаза алатынын  дубайлықтар жақсы біледі.

Шоппинг

Естігеніміздей, Дубайда сауда-саттық болсын, жалпы кез келген бизнес бастаймын деген адамға кедергі жоқ, мемлекетке олар салық та төлемейді. Сәйкесінше, ол сектордың арасында бәсекелестік көп. Насер-сквер көшесіне аяқ басқан кез-келген туристке шаблонды "тақпақтары" дайын тұрған "шақырғыштар" жабыла кетеді. Орыс тілін үйреніп алған олардың жұмысы көшеден туристерді шақырып, өз бутиктеріне кіргізу. Әрине, аса қаупі жоқ, алайда сене беруге де болмайды. Бар болғаны артыңнан қалмай, шыдамыңның шегін тексеріп болады. Лабиринт сияқты қуыс-қуыстан жалға алған жақсы бутиктерді алғаш өзің тауып бару расымен де қиын, алайда жөні түзу заттарға апаратын сенімді адам тауып (гид), сонымен еріп жүрген дұрыс.

"Жөні түзу" дегенді бекер айтпадық, өйткені онда барлық жердегідей Қытайдан бастап Италияға дейін, ең танымал брендтердің сапалы да сапасыз көшірмелері баршылық. Дубайға көбінесе сәнқойлар тон алу үшін барады. Ол дұрыс та. Өйткені онда тон жасайтын бренд иелеріне тікелей жолығуға болады. Мысалы, грек тондарын жасайтын гректің бутигі, итальяндықтың бутигі, т.б.

Туристердің көбінесе Дубайдан сатып алатын екінші нәрсесі - техника. Түрлі компьютер, ноутбук, планшет, телефон, фотоаппарат, т.б. Барлық техниканың бағасын қарамасақ та, нақты Apple өндірістерінің бізге қарағанда 500-600$-дай арзанырақ екенін байқадық.

Жалпы түсінік бойынша, Дубай шопингке құмар жандардың отаны. Мұнда машинаның автобөлшектерінен бастап, алтын, тон-ішікке дейін бәрі бар. Екіншіден, қала зәулім ғимараттарымен таң қалдырады. Енді, кері жақтарын айтатын болсақ, Дубайға емес, Үндістанға келгендей боласың. Әуежайға түскеннен бастап, үндістер қаптап жүреді. Қонақүй - нағыз мини Үндістан (музыкасы, иіс шамдары, т.б).) Тамақ үш мезгіл емес, бір мезгіл ғана беріледі, алайда, дәмханалар көп. Дубайға барғанда, ең бастысы мақсатыңызды айқындап алған жөн.

Халқы

Дубайға барып, қымбат көлігіне жолбарысын салып алып жүретін шейхтар толып жүреді деп ойлау - қателік. Мүмкін Абу-Дабиде сондай да шығар, алайда Дубайда жергілікті арабтар барлық халықтың 10%-ын ғана құрайды. Олардың өзі көбінесе Джумейра ауданындағы жабық жер үйлер резиденцияларында тұрақтайды. Ал халықтың қалған бөлігі: Үндістаннан келген арабтар, үнділер, пәкістандықтар, бангладештіктер, филиппиндіктер, т.б. Онымен қоса, басым бөлігі ТМД елдерін құрайтын жан-жақтан келіп жатқан туристерді қосыңыз.

Жалпы Дубайда жүргенде соншалықты шетте жүргендей сезінбейсің өзіңді, өйткені қазақтар онда көп. Сонда тұратын, оқитын немесе қыркүйектен-мамырға дейін саудамен, туристерді алып жүрумен айналысатын, туристік агенттік атынан қонақүйде отыратын қазақтарға жолығып қалуыңыз мүмкін. Дубайда түгелдей бір студенттер қалашығы да бар. Онда Кэмбриджден бастап, көптеген АҚШ пен Англия университеттерінің филиалдары бар екен. Балаларын шетке шығарғысы келмеген басшылар университеттер мен мықты шетел профессорлардың өзін қалаға әкелуді жөн көріпті.

Әрине, кез келген қала секілді Дубай да ерекше контрастар мегаполисі. Оны өздерінің ұзын ақ дишдашаларын киіп алып жүретін арабтың өзімен салыстыруға болады. Биік мұнаралардың негізі шөл дала екені де әлсін-әлсін білініп тұрады. Кейде түйеде кетіп бара жатқан баяу да жайбарақат өмір ферраридің жылдамдығына ауысып жататындай.

Ұлбосын НАЙЗАҚҰЛ «7»

Похожие материалы