Америкалық қаржыгер және филантроп Джордж Сорос украиналық экономикаға миллиард доллар салуы мүмкін. Бұл туралы ол австралиялық Der Standard газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Басылымның Африка дамуына миллиард доллар құйған Билл Гейтс тәрізді Украина үшін қаржы құя аласыз ба деген сұрағына ол "Мен дайынмын" деп жауап берді.
"Нақты инвестициялық идеялар бар. Мен ауыл шаруашылығы мен инфрқұрылымдық жобаларға миллиардтаған доллар салар едім. Бұл табыс әкелуі қажет", - деп атап өтті Сорос.
Джордж Сорос осыған дейін бірнеше рет Украинаға қолдауын білдірген. 2015 жылдың қаңтарында Киевтегі журналистерімен кездесуінде ол Батысты Украинаға көмек көрсетуге көндіретіндігін мәлімдеген еді.
Қазір Украина экономикасы мен бюджеттік сферасына өте ауыр әсер етіп отырған күрделі саяси дағдарыстың шырмауында. Билік шетелдік қарыз арқылы жағдайды қалпына келтіруге тырысуда.
Айта кетейік, Халықаралық валюталық қордың (ХВҚ) директорлар кеңесі Украинаға 4 жыл ішінде 17,5 миллиард доллар көлемінде қаржылық көмек беру туралы бағдарламаға рұқсат берді. Бұл үшін ХВҚ Киев үкіметіне елдегі газ бен жылудың тарифін нарықтық жағдайға дейін көтеру қажет деген талап қойды.