Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Е.Қабыкен: «Эконом таксиге» Uber мен Яндекс бәсекелес емес

Е.Қабыкен: «Эконом таксиге» Uber мен Яндекс бәсекелес емес

«Іскерлік тәжірибе» жобасында «Эконом такси» компаниясының негізін қалаушысы Ердос Қабыкен «Кәсіпкер болудың алғышарттары» атты тақырыпта бизнес мастер-класс өткізген еді. 7kun лектордың қазақстандық нарық пен бизнесменнің қажеттіліктері туралы негізгі ойларын ұсынады.

Көпшілігіңізде шетелге көшіп кету немесе бизнес ашу туралы ой болатын шығар, ол жақта барлығы да күшті секілді көрінуі мүмкін. Айтарым, шетелге барып оқып келіңіздер. Сол қажеттіліктеріңізді қанағаттандырмайынша, тынышталмайсыздар. Бірақ бір нәрсе естеріңізде болсын, сіздер қазақсыздар және Қазақстаннан басқа ешкімге қажет емессіздер. Әр мемлекеттің өз ақылдылары бар, шетелге кетіп қалғандардың барлығы да жалдамалы жұмысшылар ғана. Оларға көтерілуге мүмкіндік бермейді. Бізде барлығы жолға қойылған. Өз елің ашығып жатқанда, өзге елдің дәулетін арттырудың не қажеті бар?

Шетелде де бизнес жүргізуге болады. Бірақ Маслоудың пирамидасын да ұмытпайық. Ия, сіздер табысты боласыздар, ақшаға қатысты барлық армандарыңыз орындалғаннан кейін, яғни тойғаннан кейін ары қарай жол жабылады. Менде барлығы бар, енді не істеуім керек деген сұрақ туындайды. Депрессия болады. Одан кейін мен не үшін өмір сүріп жатырмын деген ойлар келеді. Көптеген кәсіпкерлер ақша тауып, дәулет жиған соң жақсылық жасағым келеді дейді. Одан әрі дәулетім молая түссе дейтін адамдар бар, оны енді ауру десе де болады.

Адамдар көбіне байлықтың түбіне жетпейсің, оны не қажеті бар деп айтады. Ол маған да айтылған сөз. Жоқ, бай бола түсу үшін ақша табу керек емес, байлықтың еш мағынасыз екенін түсіну үшін ғана бай болуға ұмтылу қажет. Сіз байымайынша, бақыт байлықта деп ойлап жүре бересіз. 

Қытайдан келген соң қытай тілін үйрететін курс аштым. Алғашында ақшам болған жоқ, әкемнен көлік алдым. Күн демей, түн демей такси айдадым. Кәсібімді бастау үшін бастапқы қапиталға ақша жинадым. Күніне 10 мың теңге таптым, сонда 1 айда 300 мың теңге жинадым да, сол ақшаны қытай тілі курсын ашу үшін жұмсадым. Кеңсе жалдадым, жиһаз сатып алдым. Жарнамаға шығындандым, қытай тілінің мұғалімін жалдадым. Солай жүргенде ақша бітті, ал клиенттер келмеді. Кеңсенің келесі айға жалақысын төлейтін уақыт келгенде төлей алмай ісімді жаптым. Бұл менің бизнестегі алғашқы сабағым болды. 

Менің өмірлік ұстанымыма айналған сөз —  адамның істегенін, адам істейді. Қолынан келмейтін адам өзге адамдар білетін дүниелерден бейхабар, яғни оның білімі жетіспейді.  Басқа айырмашылығы жоқ. Ондай білімді қайдан алуға болады? Өзіңіз қалаған салада керек болса тегін жұмыс істеңіз. Осылайша оның қыр-сырын меңгеріп алуға болады.

Үшпен оқыған адамдар беспен оқыған адамды басқарады деген де түсінік бар. Мен мұнымен келіспеймін. Себебі ойлаудың екі түрі болады: біріншісі — академиялық ойлау және кәсіпкерлік ойлау. Бизнесменде осының екеуі де болуы қажет. Бірі болып, бірі болмаса, онда бизнес дамымайды. Адам қанша сауатты болса да, кәсіпкерлік тұрғыда ойланбаса банкрот болады, ал қанша жерден бизнесті меңгерсе де сауаты болмаса, өз қызметкерлерінің алдында абыройынан айырылады.

Мектепте, университетте жақсы оқымаған кәсіпкер өте көп уақытын жоғалтады. Себебі оған кейін барлығын қайталауға тура келеді.

UBER секілді компаниялардың келуі біздің компанияға ешқандай да кері әсерін тигізген жоқ. Мен қазір нарыққа сенім артып отырмын. Нарықта тұтынушылар әртүрлі. Жасы үлкен кісілер әлі де қоңырау шалып тапсырыс бергенді мақұл көреді. Айына бір рет такси шақыртатын азаматтар да қосымшаны жүктеп отырмай, диспетчерлерге қоңырау шала салады.  Ал UBER мен InDriver секілді компаниялар аз ғана нарықты, яғни қосымшалар нарығын бөлісіп отыр. Олар бізге айтарлықтай бәсекелестік туғызады деп айта алмаймын.

Тайм-менеджментпен арнайы көңіл бөліп айналысқан емеспін. Бірақ менің бір ұстанымым бар. Барлық мәселелерді қағаз бетіне тізіп жазып, ең оңай әрі аз уақыт алатын жұмыстарды тездетіп бітіріп тастау. Содан кейін барып қиындарына ауысу. Бұл ең тиімді құрал деп ойлаймын.

Қазақ кәсіпкеріне қажет қасиеттер. Біріншісі – табандылық. Ең қиын кез осы. Өзіңе-өзің дем беруің қажет. Екіншіден — білімді болу, академиялық білім. Үшіншіден – адалдық. Өтірікпен бизнес құруға болмайды. Төртінші – сенім, Аллаға сену керек.

Похожие материалы