Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық бизнесті «көлеңкеде» жұмыс істеуге мәжбүрлеуі ықтимал

Еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық бизнесті «көлеңкеде» жұмыс істеуге мәжбүрлеуі ықтимал

2017 жылдың 3 ақпанында Елбасы ҚР Үкіметі кеңейтілген отырысында еңбекақы қорына салық ауыртпалығын түсірмеуді және еңбекақы қорына түсетін болжамдық өсімді қадағалауды тапсырған еді.

Алайда, ҚР Ұлттық экономика министрлігі таныстырған жаңа Салық кодексі жобасында болжаланған және осыған дейін бірнеше рет уәде етілген еңбекақы қорына салық ауыртпалығын азайту ұсынысы ескерілмеген.

2017 жылдың 14 шілдеде  Салық кодексі жобасының мәтініне ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ресми түрде енгізген сараптамалық қорытындыда  (14.07.2017 ж. №19-1/274-И хатында) әлеуметтік салықтың мөлшерлемесін қолданыстағы 11%- дан 2018 жылы 9,5%-ға,  ал 2020 жылдан бастап 6,5%-ға азайту көзделген.

Алайда, 2017 жылдың 3 тамызында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жаңа Салық кодексі жобасының «Атамекенмен» мақұлданбаған мәтіні жарияланды, онда әлеуметтік салық мөлшері 11% көлемінде қалған.

ҚР Премьер-Министрінің жаңа Салық кодексі жобасын «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастықпен міндетті мақұлдау тапсырмасын орындау қажеттілігін ескерек, Ұлттық палата әлеуметтік салыққа қатысты Ұлттық экономика министрлігінен ресми түсіндірме күтеді.

Осы ретте Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында «Атамкен» ҚР ҰКП салық саясатының іскерлік ахуал мен инвестицияларды ынталандыру және көлеңкелі экономика үлесін азайтуға бағыттау қажеттілгіне назар аударады.

Бұл бағытта еңбекақы қорына түсетін жалпы салықтық және квазисалықтық ауыртпалық тұжырымды мәселе болып отыр.

Аталған жобаны 2014 жылдан бергі талқылау барысында «Атамекен» ҰКП білдірген келіспеушіліктерге қарамастан 2017 жылы 1 шілдеден бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 1-% мөлшерлемеде төлем жасауы енгізілді.  Бұл мөлшерлеме 2018 жылдан бастап – 1,5 %-ға, 2020 жылдан бастап – 2%-ға, 2022 жылдан бастап –3%-ға дейін өседі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды жұмысшылар да төлейді, яғни 2017 жылдан бастап – 1%, ал 2019 жылдан бастап – 2%.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты «Атамекен» ҚР ҰКП ескертпелері де сараптамалық қорытындыда көрсетілген.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен бірге 2020 жылдан бастап 5% мөлшерлемеде міндетті зейнетақы жарнасы енгізіледі. Нәтижесінде Еңбекақы қорына түсетін жалпы ауыртпалық 2016 жылдың 33,5%-нан 2025 жылы 43,5%-ға дейін өседі.

Мұндай ауқымды салмақ салдарынан бизнес субъектілерінің басым бөлігі «көлеңкеге» кетіп, жалпы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне себеп болмақ.

Бұдан бөлек салық ауыртпалығын өсірмеу үшін «Атамекен» жаңа Салық кодексі жобасын дайындаудың барлық кезеңдерде, атап айтсақ: Үкімет, ҚР Президенті әкімшілігі және Парламент қаралымында еңбекақы қорына түсетін салмақты азайтуға қатысты ұсыныстарды білдіретін болады.

Сонымен қоса бюджет түсімдерінің тапшылығы мәселесін бюджет пен квазисектор шығындарының тиімділігін арттыру, оның ішінде ҚР Президенті тапсырмасы аясында әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру шығындарына аудит жүргізе отырып қарастыруды ұсынамыз.

Жалпы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Премьер-Министрі тапсырмасына сәйкес Салық кодексі жобасын дайындауда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ашық форматына жақсы баға береді. Жаңа құжат мына бағыттарда бизнес мүддесін ескереді: ҚҚС шектік мәнін 30000 АЕК көлемінде қалуы, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған арнайы салық режимдерінің сақталуы, ШОБ үшін талап қою мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту, адал салық төлеуші принциптерін жүргізу, әкімшіліктендіруді жеңілдету бизнеске оң әсер етеді.

Похожие материалы