Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанның АИИБ капиталындағы үлесі 729,3 млн долларды құрайды

Қазақстанның АИИБ капиталындағы үлесі 729,3 млн долларды құрайды
Қазақстанның Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) капиталындағы жалпы үлесі 729,3 млн долларды немесе 0,7%-ды құрайды, деп мәлімдеді бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Келісімінің баптарын ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев. 
 
Оның айтуынша, төленетін капитал 145,9 млн долларды құрап, ол 5 траншпен 29,2 млн доллар мөлшерінде жыл сайын төленетін болады.
«Әлемдегі қиын экономикалық жағдай аясында осы келісімді ратификациялау Қазақстанға Банк арқылы инфрақұрылымдық жобаларды ұзақ мерзімді және қолайлы кредиттік ресурстар тартуға мүмкіндік береді. Бұл экономиканың дамуына және Азиядағы өңірлік интеграция деңгейін арттыруға оң әсерін тигізеді», - деп түсіндірді ол.
Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі туралы келісім 2015 жылы 29 маусымда Бейжіңде жасалған болатын. АИИБ қызметінің негізгі бағыты инфрақұрылымға және басқа да өндірістік секторға инвестициялар салу жолымен Азиядағы экономикалық дамуға, әл-ауқатты жақсартуға және инфрақұрылымның өзара іс-қимылын жақсартуға жәрдемдесу болып табылады. Қазақстанды қоса алғанда Банктің құрылтайшысы 57 мемлекет болып табылады. Оның ішінде, 37-сі Азия, 20-сы өңірлік емес елдер болып табылады. Ал ірі акционерлері - Қытай, Ресей және Үндістан.
«Банктің жарғылық капиталы 100 млрд долларды құрайды және төленетін акциялардан (20 млрд) және талап ету бойынша төлеуге жататын акциялардан (80 млрд) тұрады», - деп нақтылады Е.Досаев.
Банк капиталының өңірлік мүшелерінің үлесі 75%-ды, өңірлік емес мүшелерінің үлесі 25%-ды құрайды. Сол арқылы, ведомство басшысы айтып өткендей, шешуші дауыс беру құқығы Азия елдерінде қалады.
Фото:aif.ru

Похожие материалы