Мәскеу. 17 қараша. 7kun.kz - Мәскеуде Еуразиялық үкіметаралық кеңес жұмысы аяқталды. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей үкімет басшылары отырысының қорытындысы бойынша ЕАЭО-тың Кедендік кодекс жобасы мақұлданды. Жаңа құжат мақұлданып, ЕАЭО елдеріне мемлекетішілік келісім рәсімдерін жүргізуге бағытталды.
Бұған дейін біз ЕАЭО елдері жаңа кеден кодексін талқылайтынын хабарлаған едік. Осы мақсатта жиналған Еуразиялық үкіметаралық кеңестің жұмысы аяқталып, жаңа кодекс мақұлданды.
Ол кедендік басқарудың барлық заманауи үрдістерінен тұрады және кедендік рәсімдерді автоматтандыруға, жеңілдетуге, сонымен қатар, бизнес ортаны жетілдіруге бағытталған. Кодекс жобасы биылғы жылдың желтоқсан айында өтетін Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесте мемлекеттердің басшыларына қол қоюға жіберілетін болады.
Сонымен қатар, қатысушы елдер ЕАЭО аумағында дәрі-дәрмек айналымы саласын реттейтін құжаттарға қол қойды. Аталған келісімнің қабылдануы контрафактілік өнімдермен күресуді жеңілдетуге мүмкіндік береді, ал тұтынушылар үшін дәрі-дәрмек бағасы төмендеп, сапасы артатын болады.