Астана. 1 маусым. 7kun.kz - ЕАЭО-ның бірлескен нарығы Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы байланыстырушы буын болуға тиіс. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Іс-шара барасында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды.
Жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты.
Қазақстан Президенті қатысушылардың барлығын ЕАЭО туралы келісімнің жасалғанына екі жыл толуымен құттықтады.
"Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері осында, Астанада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Экономикаларымызды жақындастыру ісі енді ЕАЭО туралы келісімде белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкіметтер және бизнес қауымы бір-бірімен ынтымақтасудың қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдың ішкі мәселелері негізінен регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарының жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздің экономикасына қуатты серпін беретініне сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстарын барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің елде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мен оларды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Олар –трансқұрлықтық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің қазақстандық бөлігі, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы, Ляньюньган қытай портындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жағасында Құрық паром кешенінің құрылысы жүруде. Осылайша, Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өңіраралық өзара іс-қимыл үшін сенімді платформа қалыптастыруда», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада болып жатқан ұнамсыз жайттардың барлығы үшін сынақ екеніне, ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды.
"Өзара сауданың күрт төмендеуін сезініп отырған қазіргі кезде бізге осы қиын жағдайда өзара іс-қимылдың өзге жолдарын табу мүмкіндігін іздестірген жөн. Бірлестік аясында ынтымақтасу бізге ресурстарды шоғырландырып, экономикалық тұрғыдан бірлесе даму үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді",–деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті биыл ЕАЭО-ға біздің елдің төрағалық ететінін ескере келіп, интеграциялық бірлестіктің одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігердің жұмсалатынына сендірді.
Армения Президенті С.Саргсян экономикалық интеграция макроэкономикалық деңгейдегі қадамдарды үйлестірудің деңгейін арттыруды талап ететінін атап өтті.
"Осы ретте, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын жүйелі іске асыруға және экономикалық әлеуетімізді арттыру жөніндегі бұдан арғы пәрменді тетіктерді әзірлеуге зор мән береміз. Бұл біздің елдеріміздің экономикасының орнықтылығын арттыруға және қалыптасып отырған жағымсыз экономикалық ахуал салдарларын еңсеруге септігін тигізеді", – деді С.Саргсян.
Беларусь Президенті А.Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту мақсатымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиындықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдің бірінің үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ның жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманың орындалуы қажеттігі туралы айтылды.
Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларын интеграциялық үдерістің негізгі мақсаттары мен міндеттерінің орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жоюға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.
Ресей Президенті В.Путин интеграциялық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты.
"Біз одақтың өзге елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге күш-жігер жұмылдыру жөнінде Қазақстанның төрағалық ету барысында айтқан ұсынысын қолдаймыз. Ең алдымен, бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдің өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны қытайдың «Жібек жолы» бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз", – деді В.Путин.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында төмендегідей шешімдер мен өкімдер қабылданды:
1. Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьяларын лауазымға Қырғыз Республикасынан тағайындау туралы;
2. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы №79 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
3. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімінің күшіне енуі туралы;
4. Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентіне өзгерістер енгізу туралы;
5. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімінің күшіне енуімен байланысты мәселелер туралы;
6. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы;
7. Сербия Республикасымен сауда режімін унификациялау туралы Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттердің Сербия Республикасымен келіссөздерін бастау туралы;
8. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;
9. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;
10. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы өкілетті органдар басшыларының кеңесі туралы.
11. Табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай ережелері мен қағидаттары туралы 20-хаттаманың 5-тармағының тармақшасына сәйкес ақпарат беру туралы (Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы келісімге № 20 қосымша);
12. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысының өтетін уақыты мен орны туралы.