Астана. 13 қыркүйек. 7kun.kz - "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы 5 шетелдік туристік компаниямен халықаралық көрмеге 74 мың билет сату туралы келісім-шартқа отырды. "Хабар" арнасы осындай мәлімет таратады.
4-11 қыркүйек аралығында туристік агенттіктердің қызметкерлеріне Қазақстан бойынша 5 бағытта тур жүргізілген. Негізгі объектілердің қатарында ұлттық парктер, ғарыш айлағы, Астана және Алматы қалалары бар.
Бұл турға Ресей, Қытай, Еуропа, Азия және ТМД елдерінен келген ірі туристік компаниялар қатысты. Қытай туристік компаниясының өкілінің сөзінше, саяхаттанушылар санының артуына әсер ететін бірден-бір фактор - электронды виза. "Жеңілдік электронды виза болса, неше млн адам келеді. Екі жақтан шешіліп жатыр әзір. Группалық виза шешілген. Енді электронды виза, аэропорттық виза болса, Ресей, Түркия секілді туризм дамуға өте жақсы ықпал етеді", - дейді Қытай туристік компаниясының бөлім басшысы Жеңіс Зейнолла.
Жалпы «ЭКСПО-2017» көрмесіне 2 млн-ға жуық қонақ келеді деп жоспарланған. Астанадағы халықаралық көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді.