Алматы. 29 қараша. 7kun.kz — 2019 жылдың қаңтар–қазан айларында жиһаз өндірісі 31,2 млрд теңгені құрады — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға кем. Сонымен қатар, өнеркәсіп өндірісінің индексі 101,1%-ға тең (бір жыл бұрын - 103,9%). Мұндай деректерді energyprom.kz ұсынды.
Жалпы, ҚР-дағы жиһаз өндірісінің 43%-ға жуығы Алматы мен Алматы облысына тиесілі. Бұл ретте Алматыда - 9,9 млрд теңге, жыл ішінде өсім 5,4%-ға тең. Ал Алматы облысындағы жиһаз өндірісі 3,4 млрд теңгені құрады, өткен жылға қарағанда 11,9%-ға аз.
Жиһаз өндірісінің ең көп жылдық өсімі Түркістан (66,5%-ға, 1,5 млрд теңгеге дейін) және Батыс Қазақстан (60,5%-ға, 2,2 млрд теңгеге дейін) облыстарында байқалды. Ақтөбе облысында 58,8% - ға, 311,5 млн теңгеге дейін төмендеу тіркелді.
Асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі бір жыл ішінде 16,2%–ға өсіп, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында 55 мың дананы құрады. Сондай-ақ, кеңселік ағаш жиһаз өндірісі 2,6%-ға, 238 мың данаға дейін өсті.
Ас үй жиһазын шығару керісінше 43,3%-ға, 85,2 мың данаға дейін қысқарды.
ҚР бойынша тұрғын үйге арналған жиһаздарға бөлшек сауда бағасы 2019 жылғы қазанға қарай бір айда 0,4%-ға өсті, жыл басынан бері 4,8%-ға, бір жылда 6,1%-ға қымбаттады.
10 айдың қорытындысы бойынша үй жиһазының бөлшек бағасы 2018 жылғы қаңтар–қазанмен салыстырғанда 6%-ға өсті.