Алматы. 03 желтоқсан. 7kun.kz — Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанның ірі қалаларының халқы 15%-ға өсті. Бұл ретте қала халқының үлесі 58% құрайды, деп үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
"Урбанизация халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру үшін маңызды мәнге ие. Біз урбанизация процесінің нақты басқарылуын қамтамасыз етуге тырысамыз, сондықтан қаланы дамытудың тиісті саясатын жүргізуді жалғастыру қажет», - деді ол.
Алайда, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі - ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту, қалаға жақын инфрақұрылым құру. Сондықтан Үкімет "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасын жүзеге асыруға баса назар аударуды жоспарлап отыр.
«Бұл 7 миллионға жуық ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартады. Бұл тұрғындардың - 90%-ы. Ұлттық экономика министрлігі ұсынған өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасында қойылған міндеттер көрсетілген. Тірек және спутниктік ауылдарды нысандармен және қызметтермен қамтамасыз ету өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жүз пайыз болады", - деп мәлімдеді премьер.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еліміздің 4 ірі агломерациясының (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент) халқы1 млн адамға ұлғайғанын атап өтті. 2014 жылдан бастап жүзеге асырылатын өңірлерді дамыту бағдарламасының бірінші бесжылдығының қорытындысы осындай.
"Жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбанизацияланған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған. Бұл еліміздің барлық өңірлерін дамытуға және өңірлерде өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ресурстарды шоғырландыру экономикалық өсімді арттыруға мүмкіндік береді", - деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, 5 жыл ішінде 17 мың маманға "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік несиелер берілді. Ауылдарды абаттандыру бойынша 8 мың жоба іске асырылды. 700 мың ауыл тұрғыны үшін инфрақұрылым жақсартылды, моноқалалардағы сумен жабдықтау желілерінің тозуы 10%-ға және электр желілерінің тозуы 12%-ға төмендеді.
"Аталған шараларға барлығы 252 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ сумен жабдықтауды дамыту және тұрғын үй салу бойынша іс-шаралар жүргізілді. 2017 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы бойынша іс-шаралар "Нұрлы жер" бағдарламасына біріктірілді. 2020 жылдан бастап сумен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету және ТКШ мәселелері "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Осы 5 жылда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1,4 трлн теңге бөлінді", - деді министр.