Алматы. 24 қыркүйек. 7kun.kz – 2019 жылы ұшақ билетінің бағасы қазақстандықтар үшін қолжетімді болады деп болжанып отыр. Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлімдеді.
Тимур Тоқтабаевтың айтуынша балалар, зейнеткерлер, мүгедектер мен жастарға жеңілдік қарастыратын жолаушыларды тасымалдау ережелері бекітілген. Олар қазір қолданыста жүр.
Мәжілісте «Қазақстанның туристік саласын дамыту туралы» үкімет сағатында депутат Шавкат Өтемісов әуе және теміржол билеттерінің бағасы қазақстандықтар үшін қашан қолжетімді болатынын сұрады.
«Қазіргі таңда энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Энергетика министрлігі ұшақ паркін отандық авиаотынмен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізуде. 2019 жылы әуе кемелерін отандық авиаотынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Елімізде тұрақты рейстер саны да өсіп жатыр. Бүгінде бұл көрсеткіш 15 процентті құраған. Мұның бәрі бағаның төмендеуіне септігін тигізеді. Жалпы экономикалық ахуал мен авиаотын бағасын ескерсек, келесі жылы қазақстандықтар үшін баға қолжетімді болады деп ойлаймын», — деді ол.