Алматы. 3 қыпкүйек. 7kun.kz – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) балалар депозитіне деген сұраныс артып келеді.
Ұл-қызының атына шот ашқан ата-аналардың саны қазір 145 000 болып отыр. Ал бір жыл бұрын банкте 133 000 балалар депозиті бар еді.
Салымдар санына қатысты алғанда 1-10 жас аралығындағы балалардың атына ашылған шоттар үлесі басым. Барлығы 80 000 депозит осы жас тобындағы клиенттерге ресімделген. Екінші орында жалпы саны 55 000 депозиті бар 10-18 жас аралығындағы салымшылар тұр. Үшінші орын банктің ең кішкентай клиенттері – 1 жасқа дейінгі балалардың еншісінде. Олардың атына барлығы 10 000 депозит ашылған.
«Жыл сайын мұндай депозиттер күзде, балалар мектепке барғанда кезде ең жиі ашылады. Дәл осы уақытта ата-аналар ұл-қыздарының өсіп келе жатқанын түсіне отырып, олардың болашағына қаржылай көмек көрсетуді қолға алады. Ай сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитке аз-аздан ақша салып отырады. Отбасылық бюджетке бұл аса қатты әсер ете қоймайды, есесіне кейін балаға баспана алып беру мүмкіндігі пайда болады. Мен 6 жастағы баласының шотында 10,3 млн теңгенің басын құраған және ары қарай ақша жинап жатқан ата-ананы білемін. Банк те депозиттегі сомаға жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысын және банк сыйақысын аударып, тиімді қолдауын көрсетіп отыр. Осы екі бонусты қосқанда, салым бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 13,3%-ға дейін барады», - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
18 жасқа толған барлық банк салымшылары тағы бір тиімді ұсынысқа қол жеткізеді, атап айтқанда жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы тұрғын үй займынан үміткер бола алады.
Депозитті баланың атына кез келген жерде, кез келген уақытта ашуға болады. Ол үшін банк кеңесшісін шақыру мүмкіндігі қарастырылған. Депозит ашу үшін ата-ананың бірінің жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі қажет.
14 жасқа дейін баланың атына депозитті ата-ана ресімдейді. 14 жастан бастап шотты баланың өзі ашады, тек әкесінің немесе анасының келісімі қажет.