Алматы. 11 қазан. 7kun.kz – Қазақстанда қайта өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі 1 жылда 42% артты, - деп хабарлайды Еnergyprom.
Бүкіл өнеркәсіп секторының инвестициялық қоржынындағы өңдеу өнеркәсібінің салмағы 20%-ға жуық. Қайта өңдеу секторына 8 айда 745,9 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 41,8% артық.
Капиталдық салымдардың 44,2%-ы жазда Қазақстанның республикалық маңызы бар үшінші қаласына айналған Шымкент қаласының үлесіне тура келеді.
Қайта өңдеу секторына инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында Қарағанды (9,9%) және Атырау (7,5%) облыстары да бар.
Секторда инвестициялар көлемінің артуынан тыс, қайта өңдеу саласының елдегі жалпы капиталдық салымдар көлеміндегі үлесі де артып келеді. Жиынтық инвестициялық қоржындағы қайта өңдеу саласының салмағы 2018 жылдың қаңтар-тамызында 11,7%-ды құрады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 11% болса, мемлекеттік бағдарламалар аясында индустриалдық-инновациялық белсенді дамуға дейінгі 2010 жылы 7,5% айналасында ғана болатын.
Жалпы, үстіміздегі жылы өнеркәсіп секторына капиталдық салымдар үлесі былтырғымен шамалас - 19,4%. Сонымен қатар, қайта өңдеу сегментін белсенді дамытуға дейінгі 2010 жылы бұл көрсеткіш небәрі 13,3% деңгейінде еді.
Қайта өңдеу өнеркәсібінің басты инвестициялық магниттері - бензин және дизель, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеуден алынған басқа да өнімдер мен кокс өндіру (капиталдық салымдардың 49,8%-ы), металлургия (20,4%) және азық-түлік өнеркәсібі (11,2%) болып отыр.
Осы үш инвестициялық тартымды сала секторға салынған жалпы капиталдың 80%-ын қамтиды.