Алматы. 28 маусым. 7kun.kz – 2019 жылғы 1 маусымда банк секторының жиынтық активтері 24 921,4 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері 1,3%-ға төмендеді.
Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 48,4%, бағалы қағаздар портфеліне – 21,5%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 12,2% тиесілі.
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 281,8 млрд теңгені немесе несие портфелінің 9,7%-ын құрады.
Несие портфелі бойынша провизиялар 2 324,8 млрд теңге немесе несие портфелінің 17,5%-ы (2019 жылдың басында – 1 776,6 млрд тенге немесе 12,9%) мөлшерінде қалыптасты.
Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 21 888,2 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бері 1,5%-ға төмендеу) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлес клиенттердің салымдарына – 75,4%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздарға – 8,3%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздарға – 2,7% тиесілі. Банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері жиынтық міндеттемелерде 2019 жылдың басындағымен салыстырғанда 6,2%-дан 7,3%-ға дейін (1 495,5 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.
Банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы мамырда 0,4%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 033,2 млрд теңгені құрады.
Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 2019 жылғы қаңтар-мамырда 124,4 млрд теңгені құрады.
2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді тиісінше 5,1% және 3,9% болды.