Алматы. 16 қаңтар. 7kun.kz - Жаңа жылдан бастап Қазақстандағы бір айлық есептік көрсеткіш 148 теңгеге артты (1 АЕК = 2269 теңге). Осыған байланысты жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар да өсті деп жазады Kapital.kz.
Ең жоғарғы айыппұл - 200 АЕК немесе 453 800 теңге. Бұл қаржы мас күйінде көлік жүргізгені үшін (немесе рөлді мас күйіндегі адамға бергені үшін) төленеді. Қылмыстық Кодекстің 50-бабының 2-бөлімі бойынша аяғы ауыр әйелдерге, зейнеткерлерге немесе басқа да санаттағы адамдарға әкімшілік қамау жүргізілмейді. Бұл тізімге кірмейтін азаматтардың барлығы қосымша 3-5 жыл аралығында жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Тұрақ орындарын сақтамаған немесе мүгедектердің тұрағын пайдаланғандары үшін де үлкен айыппұлдар салынады. Арнайы белгінің ережесін сақтамағандар 50 АЕК ( 113 450 теңге) төлеуі қажет. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5 мың теңгеге артық.
Көлемі жөнінен үшінші айыппұл - жылдамдығын сағатына 40 шақырымға асыру. 2017 жылы оның мөлшері 30 АЕК (68 070 теңге) құрайды.
25 АЕК (56 725 теңге) арнайы дабыл белгісін қойғаны (күзет дабылынан басқа) және көлігіне арнайы қызметтердің белгісін салғаны үшін төленеді.
Жүргіншілер жолындағы көлік қою ережесін бұзғандар, арналмаған жерде алдындағы көлікті басып озғандар, транспорт немесе жүргіншілер колоннасын қиып өту немесе арасынан орын алғандар қазынаға 20 АЕК (45 380) көлеміндегі қаржы беруі керек. Ал қарама-қарсы жолаққа шығу өте үлкен қателік деп есептеледі, жүргізуші куәлігінен бір жылға дейін айыруы мүмкін. Сондай-ақ жалған мемлекеттік нөмер таққаны, міндетті автосақтандырудан жалтарғаны үшін тағы 20 АЕК төлейді.
Айта кетейік, жол-патруль қызметінің тоқтау туралы талабына құлақ аспағаны үшін де жүргізуші куәлігінен 1 жылға, ал қан құрамында ішімдік немесе есірткі бар екенін тексертуден бас тартса 2 жылға айырылады.
Осыған дейін ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов хабарлағандай, көше қиылыстарындағы бейнебақылау камераларының саны 1772-ге жетті. Он мыңға жуық полицейлердің видеожетондары бар.
Өткен жылы жол ережесін бұзу 2015 жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артқан. Жол апатында қайтыс болғандар саны 2,7%-ға (2390 адам) кеміген.