Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz – Бүгінгі күні елордада POS-терминал қызметін қолдану мүмкіндігі артып, оның саны 25,9 мыңға жетті, - деп хабарлайды Елорда Инфо.
2019 жылдың ақпан айының соңында POS-терминалдардың саны 138,9 мыңды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдан 6,9%-ға артық. Оның ішінде 93,9% терминалдар саны сауда кәсіпорындарында орналасқан.
«Қазақстанның ішінде POS-терминалдар санының жылдық өсуі бойынша Ақтөбе облысы бірінші орынды иеленді. Олардың көрсеткіштері бірден 20% ұлғайып, 6,9 мың терминалға дейін артты. Екінші орында - Нұр-Сұлтан қаласы терминалдар саны 12,8%-ға артып, 25,9 мыңға дейін өсті, тиісінше үшінші орында Алматы қаласы 11,1% көрсеткішпен 39,7 мың терминалға дейін өсті», - деп хабарлайды Цифрлық Қазақстан бағдарламасы қызметі.
Цифрлық қызмет мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың басында POS-терминалдардың саны 135,8 мыңды құрады. Бұл ретте әрбір екінші терминал байланыссыз төлем функциясын қолдайды.
Мұндай мүмкіндіктер NFC технологиясымен жабдықталған Apple құрылғыларының иелерінде бар. Apple Pay қызметінің ерекшелігі - интернетке және тіпті ұялы желіге қол жеткізусіз байланыссыз төлем жасау.
Төлемдерді жүзеге асырудың қауіпсіздігі мен қарапайымдылығы Touch ID немесе Face ID технологиясының көмегімен қамтамасыз етіледі.