Алматы. 7 наурыз. 7kun.kz – 2019 жылдың басында газбен қамту жалпы халық санының 49,68%-іне жетті. 2017 жылмен салыстырғанда 2,3%-ке немесе 500 мыңнан астам адамға өсті. Яғни бүгінгі күні 9 млн адамның газға қолы жеткен.
Бұл жұмыстар 2019 жыл бойы жалғасады. Бұл туралы
Энергетика министрлігі берген ақпаратта айтылды.
«2019 жылы Қазақстанды газдандыруға министрліктің бюджеттік бағдарламасы аясында Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 66 жобаны жүзеге асыруға 24 млрд теңге қарастырылған. Әкімдіктердің мәліметінше, ағымдағы жылы 19 жобаны аяқтау жоспарланып отыр, нәтижесінде 60 мыңға жуық халық табиғи газға қол жеткізеді», – дейді Энергетика министрлігінен.
Сонымен бірге, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 50,01% газдандыру деңгейіне жету жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, министрлікте 2018 жылы елімізде Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарын газдандыру бойынша жалпы сомасы 18,4 млрд теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Олардың ішінде 6 жоба толығымен аяқталды, бұл 125 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, 16 жоба 2019 жылға өтті.
Айта кетейік, Елбасы Н.Нзарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында «2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі – коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс», деп атап өткен еді.