Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Елордада Астана экономикалық форумы басталды

Елордада Астана экономикалық форумы басталды

Астана. 25 мамыр. 7kun.kz - Бүгін Астанада сарапшылар қауымдастығының белді өкілдері, саясаткерлер, ірі қаржылық құрылымдарының басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, Нобель сыйлығының иегерлері мен  ғалымдардың басын қосқан экономикалық форум басталды. АЭФ-2016 жиыны «Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбында өтеді деп хабарлайды egemen.kz.

Форум жаһандық экономиканы орнық­ты дамытудың сын-тегеурін­дері мен тәуекелдерін, әлемдік қаржы-экономикалық жүйенің қазіргі мәселелерін шешу жол­дарын талқылау үшін жетекші халық­аралық сарапшылар, бизнес пен мемлекет өкілдерінің үлкен тобын біріктіретін ауқымды алаң болып табылады. Форумның негізгі іс-шаралары Пленарлық мәжіліс, Инвестициялық форум, Азия мен Еуропа көшбасшыларының форумы, Еуразиялық экономикалық конгресс, Ұлы Жібек жолының жаңғыруы және Урбанистік форум болып табылады. Аталған алаңдар мен іс-шараларды ұйымдастыруда әріптестер ретінде БҰҰ, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, АДБ, Еуразиялық экономикалық комиссия және басқа да халықаралық ұйымдарды шақыру жоспарланып отыр. АЭФ алаңы жыл сайын әлемнің 80-нен астам елінен мыңдаған делегатты, оның ішінде бірінші мемлекет басшыларын, жетекші саясаткерлерді, Нобель сыйлығы лауреаттарын, танымал ғалымдарды, журналистер мен бизнес элита өкілдерін қамтиды. VIII Форум жұмысына әлемнің 80-нен астам елінен саяси, экономикалық және бизнес-орталардың шамамен 3000 өкілінің қатысуы жоспарланып отыр. Биылғы жылы да оған әдеттегі­дей бизнес және сараптау қауымдас­тық­тарының әлемге танымал өкілдері, ірі қаржылық құрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында ХВҚ басқарушы-директоры Кристин Лагард, ЕҚДБ президенті Сума Чакрабарти, британдық «The Economist» журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең беделді экономистердің үштігіне кіретін Колумбия университеті Жер институтының директоры Джеффри Сакс, Массачусетс технологиялық институтынның экономика профессоры, «Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity, and Poverty» әлемдік бестселлерінің авторы Дарон Аджемоглу, АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганның және Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчердің бұрынғы кеңесшісі Артур Лаффер, Леонтьев сыйлығының лауреаты Ха-Джун Чанг, «Валюталық соғыстар» бестселлерінің авторы Сун Хунбин, сондай-ақ, эконо­мика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес пен Томас Сарджент бар. Сондай-ақ, ол АЭФ-2016 қарсаңында 24 мамыр күні ХВҚ басқарушы-директоры Кристин Лагард және Орталық Азия, Кавказ және ЕАЭО-ға мүше елдер үкі­меттерінің қатысуымен ХВҚ аймақтық форумы өтетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, форум аяқталған соң, келесі күні Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанындағы Ше­тел инвесторлары кеңе­сінің 29-шы пле­нарлық отырысы өткі­зіл­мек. Астана экономикалық форумы шеңберінде экономикалық тақырыптар бойынша негізгі спикерлердің дәрістер өткізуі, қатысушылар үшін Blockchain технологиясын қолдану бойынша воркшоптар сериясы, бизнес-гуру және жетекші әлемдік сарап­шылардан нетворкингтер, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда, сондай-ақ, қазақ­стан­дық жоғары оқу орындарының сту­денттеріне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал ЭЫДҰ, БҰҰ, Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚДБ секілді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары форумның серіктестері болып саналады.

Похожие материалы