Елордада банк қызметкері зейнеткердің депозитінен алты миллион теңге ұрлаған
Нұр-Сұлтан. 16 шілде. 7kun.kz – Нұр-Сұлтанда банк қызметкері 71 жастағы зейнеткердің депозитінен алты миллион теңге ұрлап кеткен. Бұл туралы елордалық полиция департаменті хабарлады.
«Қала тұрғыны депозиттен ақша жоғалып кеткенін айтып, полицияға арызданған. Қарт адам 2018 жылы ақшасын депозитке салған және ұзақ уақыт бойы пайдаланбаған ақшасын алу үшін банкке келген. Банкке келген ол шотында жинақ жоқ екенін анықтаған», – делінген ДП хабарламасында.
Есіл аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ақшаның жоғалуына банк қызметкерінің қатысы барын анықтады.
Анықталғандай, ол есепшоттарға қол жеткізе отырып, жәбірленушінің алты миллион теңгесін досының есепшотына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырған.
Ол ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген. Полицейлер оны бір күннің ішінде анықтап, ұстады.
23 жастағы күдіктіге қатысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оның астана аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.