Елордалық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер 13 млрд теңгеден астам жарна аударды
Алматы. 3 қазан. 7kun.kz – Астана қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын міндетті төлемдердің сомасы бойынша Алматы қаласы және Қарағанды облысымен қатар көш бастап тұр. Қыркүйекте Астана қаласының жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері 1 млрд теңгеден астам жарна аударды, ал 2017 жылдың шілдесінен бері аударылған жарнаның жалпы сомасы 13 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды elorda.info.
Жалпы республика бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 105 млрд теңге түсті, бұл соманың 92%-ы жұмыс берушілерге тиесілі. Жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер Қорға 8,6 млрд теңге аударды.
Міндетті медициналық сақтандырудың жинақталған қаржысы Ұлттық банкте сақталады. Ұлттық банкпен Қор сенімгерлік басқару туралы келісім бекіткен. 2020 жылдан бастап бұл қаражат МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.
Бұл уақытқа дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтердің ақысын төлейтін қаржы операторы міндетін атқарды.
«Жыл басынан бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 60,8 млрд теңге төледі. Астана қаласында біз 115 медициналық мекемелермен жалпы құны 84,6 млрд теңгені құрайтын келісімшарттар бекіттік», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Естеріңізге сала кетсек, әрбір азамат өзінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысушысы болатындығы туралы ақпаратты Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімі арқылы анықтамаға тапсырыс бере алады.