Елордалықтар медициналық сақтандыру қорына 17 млрд теңгеге жуық жарна аударды
Алматы. 9 қаңтар. 7kun.kz – Медициналық сақтандыру жарналарының басым бөлігі Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан түскен, - деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметі.
«Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта елордалық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін 16,78 млрд теңге жарна аударды. Бұл республика бойынша аударылған жарналар мен аударымдардың жалпы сомасының (133 млрд теңге) 12,62%-ын құрайды. Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда Астана медициналық сақтандыру жарналары - аударымдары бойынша Алматы қаласынан (21,10%) кейін екінші орында, үшінші орында - Қарағанды облысы (8,20%)», - делінген хабарламада.
Аударымдардың негізгі бөлігі жұмыс берушілерге тиесілі - 11 млрд теңгеден астам қаражат, 6 млрд теңгеге жуық қаражат - жеке кәсіпкерлердің жарналары.
Естеріңізге сала кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. 2020 жылдан бастап бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.