Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ең алып корпорациялар туралы 7 кітап

Ең алып корпорациялар туралы 7 кітап

1.«McDonald’s: Империя қалай құрылды», Рэй Крок, Роберт Адамсон

Американдық кәсіпкер Рей Крок 1954 жылы ағайынды Макдональдтердің кішігірім асханасының кемелді келешегін болжай алды. Оның өзі 52 жасына дейін қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына қағаз стақандар мен миксерлер сататын коммивояжер болып, кейін джаз ансамблінде пианинода ойнаған және мүлік сататын агент те болған. Бірақ әрдайым адам өз қателіктері мен жеңістері үшін өзі жауапты дегенге нық сенімді болған. Рей Кроктың үлгісі екі мәселені анықтап береді: біріншісі - бизнес бастауға кәрілік кедергі емес, екіншісі - дұрыс құрылған бизнес-план байлыққа кенелтеді.

Кітапты McDonald’s тарихына қызығатын немесе өз кәсібін бастауға қорқатын тұлғалар оқуына болады.

2. «Мен Walmart-ты қалай құрдым», Сэм Уолтон

Кітаптың авторы Сэм Уолтон - әлемдегі ең ірі бөлшек сауда желісі Walmart-тың негізін қалаушы. Ол қарапайым фермелердің отбасында дүниеге келіп, кішкентайынан еңбектену мен үнемдеуді үйренген. Кітабында ол Walmart-тың пайда болу тарихымен қатар, жалпы, заманауи супермаркеттегі сауданың қыр-сырымен бөліседі. Алғашында Walmart дүкендері 10 мың тұрғыны бар қалаларда салынатын. Басқа қаланың тұрғындары дүкеншіктердің ашылуын тағатсыздана күтті, соның арқасында атақ пайда болып, сатылымдар арта түсті. Бұның құпиясы Уолтонның сауда жүргізу саясатына тікелей қатысты еді: ол тауарларды бәсекелестерден бірнеше есе арзан бағаға сататын. Ол «үстеме баға қаншалықты аз болса, сатылым соншалықты көп болуы тиіс» деген ережені ұстанды.

Сонымен қатар, Уолтон жұмыс орнында дүкен қызметкерлері өзара тең, олардан биік тұратын - сатып алушы ғана деп есептейді.

Бұл кітап көтерме және бөлшек сауданы оңтайландырумен айналысатын менеджерлер мен кәсіпкерлерге пайдалы болады.

3. «Оған сезіміңізді құйыңыз: Starbucks қалай құрылды», Говард Шульц

Кітапта өзінің бұрынғы бизнесін сатып, 1987 жылы Сиэтлде кішігірім Starbucks компаниясын сатып алған Говард Шульцтің оқиғасы баянадалады. Автор компанияның алғашқы қадамдары, сәтсіздіктер, инвестициялар іздеу туралы оқырманға бүкпесіз айтып береді. Шульцтің айтуынша, сәтті бизнестің кілті - ең жақсы қызметкелерді іріктеп, оларға жауапкершілікті бөліп беру. Кітап жас кәсіпкерлер мен Starbucks компаниясымен жақынырақ танысқысы келетін оқырмандардың көңілінен шығады.

4. «Бақыт әкелу: Нөлден миллиардқа дейін», Тони Шей

Тони Шей - киім және аяқ-киім сату бойынша әлемдегі ең ірі Zappos.com онлайн-алаңының негізін қалаушы. Amazon бұл компанияны 1,2 млрд долларға сатып алған болатын. Автордың кәсіпкерлік оқиғасы өте қызық. Басында Тони құрт өсіретін фирма ашып, оны балықшыларға сатқан. Ол кезде оның жасы тоғызда ғана еді. Студент кезінде Гарвардтың кафесінде басқарушы болып жұмыс істеген. Тонидің ұсынуымен кафе пиццерия болып қайта ашылып, бұрынғыдан көбірек пайда түсіре бастаған.

Одан кейін Тони LinkExchange сервисін ойлап тауып, оны Microsoft-қа 265 млн долларға сатып жіберген.

Өзінің кітабында Шей бизнес ашудың көлеңкелі тұстарын, қиындықтарын толықтай баяндап береді.

5. «Google», Дэвид Вайз

Автор Google компаниясының пайда болу тарихы және оның негізін қалаушылар - Сергей Брин және Ларри Пейдж туралы әңгімелейді. Осы екі тұлғаның еңбегінің арқасында компания ерекше қарқынды дамып, әйгілі атанды.

Қарапайым екі студент Microsoft корпорациясына қалай бәсекелес болды? Гараждан шыққан компания нарықта қалай көшбасшы атанды? Компанияны неге 1 млн долларға сатпақшы болды? Ұжымдық мәдениет пен менеджменттегі ерекшеліктері қандай? Осы сияқты сұрақтардың жауабын кітаптан оқып білуге болады.

Бұл кітап бизнес жүргізудің стандарттан тыс түрін үйретеді.

6. «Идея болса - IKEA бар», Ингвар Кампрад

IKEA - үйге арналған тауарларды тиімді бағаға сатумен айналысатын швед дүкендер желісі. Дүкендердің ерекшелігі - олардың дизайны үйдің іші сияқты, яғни, әр адам өзіне қажетті тауарды өзі іздеп тауып, тіпті, оны өзі құрастырады. Әр тауарға жеке инструкция бекітілген. Ингвар Кампрад IKEA үлгісі негізінде бизнесті қалай тиімді бастау және басқару керектігін түсіндіреді. Оқырман оның кітабында стратегиялық шешімдер, ұжымдағы қарым-қатынас, компанияның сәтсіздіктері туралы қызықты ақпарат ала алады. Сонымен қатар, өз қызығушылығыңды бизнеске айналдырудың әдістері де қызықты берілген.

7. «Ішінде Coca-Cola», Невил Исделл

Coca-Cola компаниясының бұрынғы бас директоры және директорлар кеңесінің төрағасы Невил Исделл өзінің кітабында Coca-Cola феноменін баяндайды.

2000 жылдардың орта шенінде компания күрт құлдырап, дағдарысқа ұшырады. Дәл осы қиын кезеңдегі өзінің іс әрекеттерін, шешімдерін Исделл оқырманға жасырмай айтады. Тіпті 80-90 жылдардағы Ресейге жағымсыз сапарларын да еске алады. КСРО құлап жатқандағы Coca-Cola зауытының Мәскеуде ашылуы және ең басты бәсекелесі - Pepsi компаниясын қалай басып озғанын да Исделл кітабында атап өтеді.

Кітап Coca-Cola компаниясын шымылдықтың ар жағынан зерттегісі келетін жас кәсіпкерлерге де, басқа оқырмандарға да пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, кітапта маркетолог және әртүрлі дәрежелі менеджерлерге арналған ақпараттар бар.

Материал mc.today сайтынан аударылды

Аударма жасаған: Томирис Агиянова

Похожие материалы