Алматы. 18 қазан. 7kun.kz – Қазақстанда 2020 жылға қарай экономиканың барлық секторларында орташа жалақы 9,1%-ға өседі. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақы көлемінің ұлғаюы 3 жылда 288 млрд теңгені немесе жылына 96,3 млрд теңгені құрайды.
«Оның 85,8 млрд теңгесі тікелей 275 мың мемлекеттік қызметкердің жалақысын арттыруға бағытталады. 204 млрд теңге салық шегерімінің ұлғаюына байланысты жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің шығындарын өтеуге бағытталады. Қосымша шаралар қабылдауды ескере отырып, ел бойынша орташа жалақы экономиканың барлық секторларында 9,1%-ға артады», - деп атап өтті Смайылов.
Қаржы министрлігі басшысының мәліметінше, халықтың нақты табыстарының өсімі инфляцияны шегергенде жыл ішінде 4,6% - ды құрайды.