Еңбек министрлігі Жұмыспен қамту орталықтары ақылы болады деген ақпаратты жоққа шығарды
Алматы. 16 қаңтар. 7kun.kz – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамту орталықтары ақылы болады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.
Министрлік хабарлауынша, бұқаралық ақпарат құралдарында елімізде жақын арада Жұмыспен қамту орталықтарының қызметтері ақылы болады деген ақпарат жарияланған.
Ведомство бұл ақпаратты теріске шығарды.
«Жұмыспен қамту орталықтарының қызметтері әрқашан халыққа тегін негізде көрсетіліп келді, әрі қарай да тегін болады. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен анағұрлым кең қамтуды қамтамасыз ету мақсатында Жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау көзделген. Оның бағыттарының бірі- Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлердің жалақысына әсер ететін қызметтеріне тарифтер енгізу, яғни Жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жұмысқа орналастырылған азаматтардың санына тікелей байланысты болады. Бұл Жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерінің жалақысының тарифтік кестесіне қатысты, бұл халыққа арналған тарифтер емес», – деді ведомствоның баспасөз қызметінің басшысы Александр Кононец.
Ол сондай-ақ биыл трансформация үш өңірде пилоттық сынақтан: Астана қаласында, Қарағанды және Түркістан облыстарында басталатынын айтты.