Астана. 5 желтоқсан. 7kun.kz – Дипломдардың орнына сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Бүгінгі таңда диплом жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі емес екенін мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибенің болуын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты, ұлттық біліктілік жүйесін дамыту арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын «Кәсіптік біліктілік туралы» заң әзірленді», – деді Дүйсенова мәжілістегі үкімет сағатында.
Оның айтуынша, дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі.
«Азаматтардың білімін практикада қолдана алу мүмкіндігі, белгіленген жұмысты алып кете алатындай еңбек дағдысы және біліктілігі бағаланып барып, сертификат беріледі. Сертификат тек формалды ғана емес, сондай-ақ формалды емес және информалды білімі бар адамдарға да беріледі», – деді министр.