Астана. 10 қазан. 7kun.kz — Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс беру үшін Мемлекет басшысына ұсыныс хат жолдайды. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы жиында мамыр айында Павлодардағы мұнай-химия зауытын ағымдық жөндеу жұмыстары көктемнен күзге ауысатындығы туралы хат жазылғандығын, сондықтан ендігі уақытта бензин тапшылығына қатысты бағам айырмасы, көрші елдердегі жоғары баға, импорт үлесінің артуы сынды сылтауларды қабылдай алмайтындығын айтты.
«Бұрын бізде баға жоғары болғандықтан Ресейге кетеді десек, енді Ресейдегі баға жоғары болғандықтан «көлеңкеде» сатылып жатыр дейміз. Яғни, үнемі сылтау әйтеуір. Сондықтан мен мұнымен келісе алмаймын. Мұның барлығын сылтау және өзінің тікелей лауазымдық міндетінен жалтару деп бағалаймын. Бұл үшін жауапкершілік болуы тиіс. Сондықтан да келесідей шешімді қабылдаймын. Біріншіден, Үкімет мүшелеріне ықпал ету тәртіптік жазаларын президент қабылдайтын болғандықтан мен бүгін Президенттің атына Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс хат енгіземін», - деді Бақытжан Сағынтаев.