Алматы. 2 қыркүйек. 7kun.kz – Қазақстанда еріктілер жылын 2020 жылы өткізу туралы шешімді волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары қолдады.
"Волонтерлер жылын жариялау біздің елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға жаңа серпін береді, жаңа жүйелі тәсілдерді анықтайды, жеке адамдар мен ұйымдардың күш-жігерін біріктіреді. Бұл көптеген жылдар бойы волонтерлік қызметтің әртүрлі саласында жұмыс істегендердің бәрі үшін үлкен жеңіс. Ерте заманнан бері өзгелерге көмектесу - біздің мәдениеттің ерекшелігі және ата-бабаларымызға құрмет көрсете отырып, Қазақстанда жүздеген әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтуге болады. Еріктілердің бірігуі осы жобалардың барлығын жұртшылыққа көрсетеді деп үміттенеміз және бұл жаңа волонтерлік бастамаларға түрткі болады", - деді "Ұлттық волонтерлік желі" ЗТБ басшысы Татьяна Миронюк.
"Ұлан-ғайыр дала Елі" ҚБ директоры Уәлихан Бахретдиновтың айтуынша, "Еріктілер жылы" тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орталық Азияда еріктілер қозғалысының дамуына жаңа серпін береді.
"Жарияланған бұл қадам халықтың көп бөлігін волонтерлікке тарта отырып, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін. Біз осы жылды ұзақ күттік, ол Қазақстанда Жастар жылының лайықты қисынды жалғасы болады, - деді ол.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Қазақстандағы "Еріктілер жылы" деп жариялады. Қазіргі уақытта елімізде 200-ден астам еріктілер ұйымы жұмыс істейді, оған 50 мыңнан астам белсенді еріктілер қатысады.