Алматы. 24 қазан. 7kun.kz - Ертең 25 қазан күні Астанада Қазақстандық медиа альянстың бірінші жиыны өтеді. Бұл туралы қоғамдық бірлестік құрылтайшыларының бірі Арманжан Байтасов informburo.kz-ке берген сұхбатында айтты.
Айта кетейік, 2 қазан күні «Қазақстанның Медиа алянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі тіркелген еді. Құрылтайшылар қатарына қазақстандық БАҚ мен PR құрылымдардың жетекшілері, журналистер мен блогшылар, медиа бизнес, жарнама мен баспа ісінің өкілдері кірген.
Арманжан Байтасовтың айтуынша МедиаАльянстың басты мақсаты – сөз еркіндігін дамыту, журналистердің құқығы мен еркіндігін қорғау, БАҚ-ның тәуелсіздігін қорғау, сапалы журналистиканың қалыптасуына үлес қосу. Ертеңгі отырыс барысында ұйымдастырушылық жұмыстары талқыланып, басқарма кеңесі мен атқарушы дирекция сайланады.
Медиа Альянс бірінші кезекте медиа саласындағы заңға өзгеріс енгізу бойынша, журналистерге білім беру бағытында жұмыстар жүргізбек. Ұйымға "Верный капитал", Astana Banki, Astana group, Raibmek, BI group, Qazaq bank2, Line brew, Tan media group қаржылай қолдау білдіруге келіскен.
Айта кетейік, жақында ұйымның mediaunion.kz сайты іске қосылған.