Алматы. 28 ақпан. 7kun.kz – Республикалық бюджеттің игерілуін бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Президент алдында 2018 жылдың қорытындысы бойынша есеп берді.
"Есеп комитетінің негізгі міндеті мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қадағалау болып табылады. Сіздің алдыңызда бақылаудан аудитке көшуге байланысты жаңа міндеттер тұр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Годунова Президентке енгізілген жаңалықтар туралы айтып берді. Оның айтуынша, процедуралық бұзушылықтар енді есепке алынбайды, статистикаға тек нақты қаржылық кемшіліктер енгізіледі.
Сондай-ақ, Есеп комитетінің басшысы республикалық бюджет аудитінің барысы және осы саладағы әлемдік тәжірибені зерттеу нәтижелері туралы баяндады.
"Біз тиімділік аудитіне көшу бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Өткен жылы барлық бұзушылықтар 430 млрд теңге көлемінде анықталды. Бухгалтерлік есепсіз анықталған нақты қаржылық бұзушылықтар 16 млрд теңгені құрады, ал 2017 жылы ол 70 млрд теңгеге тең болды. Бұл қаржы тәртібінің жақсарғанын көрсетеді", - деді Наталья Годунова.
Мемлекет басшысы Есеп комитетіне "Нұр Отан"партиясының XVIII съезінде айтылған әлеуметтік бағдарламалар мен бастамалардың іске асырылуын тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.