Экономика
Есеп комитеті: 479,6 млрд теңге тиімсіз қолданылған
Астана. 7 маусым. 7kun.kz – «Салық түсімдерін қадағалайтын әкімшілік бақылау әлсіз болғандықтан бюджетке салық дұрыс түспейді. Тиімсіз жаратылған ақша көлемі 2014 жылмен салыстырғанда азайса да, мемлекеттік бюджеттің игерілмеген соммасы үшін бұл әлі де үлкен көрсеткіш. 2016 жылдың қаңтарына сай ол 85,3 млрд теңгені құрап отыр. 1 трлн теңгеге жуық ақша салықтан жалтыру үшін жасалған әр түрлі амалдардың көлеңкесінде қалып жатыр», - деп мәлімдеме жасады республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. Бұл туралы kapital.kz басылымы жазды.
«Сонымен қатар, кеден декларациясын дұрыс толтырмау салдарынан кейбір импортталған тауарлар қате классификацияланған. Бұл да салықтан жалтарудың жолы. Ал қаржылық жылдың есептік кезеңінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеніне қарамастан республикалық бюджеттің 7,8 млрд теңге игерілмеген», - дейді есеп комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды бекітуде көп қателіктер жасалады. Кейбір шараларды іске асыруға қажетті ресурстар нақты көрсетілмеген, тіпті олардан күтілетін нәтиже де жазылмаған.
Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, сонымен қатар, кейбір аудандарда бюджет кодексінің кейбір талаптары орындалмағанын да айтып өтті. Мысалы, 153 республикалық инвестициялық жобаның 2015 жылы аяқталуы тиіс болған 96-сының тек 81-і ғана қортындыланса, іске асырылатын инвестициялық 970 жобаның 576-сы бітуі тиіс еді, бірақ 527-сі ғана аяқталғанын айтты.