«Ешкім ешқайда қашқан жоқ»: Бас прокуратура Мәсімов ісіне қатысты түсініктеме берді
Астана. 28 қыркүйек. 7kun.kz – Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Мәсімовтің ісін арнайы прокурорлар тергеп жатқан жоқ. Бұл Ұлттық қауіпсіздік қызметінің құзырында. Құпия түрде қаралады. Сондықтан іс материалдарын жариялауға рұқсат жоқ. Бұл туралы білетін тек белгілі бір адамдар ғана бар», – деді Шындалиев.
Оның айтуынша, Мәсімов ісі бойынша тергеу аяқталды.
«Бұл іс бойынша барлық күдікті қамауда отыр. Ешкім ешқайда кеткен жоқ және жасырынған жоқ. Істі тергеу аяқталды, қазір материалдармен танысу басталды», – деді ол.
Ол айыпталушылардың адвокаттарының іс материалдарымен танысу екі-үш ай уақыт алатынын айтып, Мәсімовтің соты қашан өтетіні әзірге белгісіз екенін атап өтті.
Сондай-ақ Әсет Шындалиев 26 қыркүйекте 6 жылға сотталған Қайрат Сатыбалдыға қатысты басқа қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қайрат Сатыбалдыға қатысты істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жүргізді. Тек екі эпиоздты қарады. Яғни "Көліктік сервис орталығы" мен "Қазақтелеком" компаниясына залал келтіру бойынша тергелді. Басқа істер қазір тергеліп жатыр», – деді ол.
Айта кетейік, 25 тамызда ҰҚК комитеттің бұрынғы басшылығы Кәрім Мәсімовке, Әнуар Садықұловқа, Дәулет Ерғожинге, Марат Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М.Акиповке, Н.К. Бекмұратқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.