Алматы. 28 ақпан. 7kun.kz - Мемлекет алдағы уақытта банктерге қаржылық тұрғыда орнықты болуы үшін көмекті тек қайтарымды және ақылы түрде жасайды. Оған банактердің акционерлері қатысуы міндетті. Алматыда AQR қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов осылай деді.
Оның айтуынша банктер активтерінің сапасын бағалау Қазақстан банк секторының жағдайы туралы шынайы ақпарат алуға, Қазақстандағы банктердің сенімді екенін көрсету арқылы инвесторлар мен салымшылар тарапынан сенімді арттыруға бағытталды.
Және бұрын болмаған осы іс-шараның басты мақсаты – реттеу режимін жақсарту және бүкіл банк жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету.
AQR нәтижелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық Банкпен бірлесіп банк секторын дамыту тәсілдерін және қадағалау құралдарын қайта қарауға мүмкіндік береді. Банктер үшін бұл бағалаудың нәтижелері ресурстарын тиімді бөлуге жағдай жасайды. Ал салымшылар үшін бұл банк жүйесіне сенімді растау болып табылады.
"AQR нәтижелері бойынша біз жеке банктердің, сол сияқты бүкіл жүйе деңгейінде процестер мен рәсімдерді одан әрі жетілдіру жұмысын жүргіземіз",-деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.