Экономика
Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында фермерлерге 76 млн га жайылым жер бөлінеді
Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz - Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев жаңа Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасы аясында фермерлерге жайылым жерлерді бөлу рәсімі туралы айтып берді деп жазады primeminister.kz.
Вице-министрдің айтуынша, бағдарлама «Жерді қайдан алуға болады?» деген сұраққа жауап береді.
«Біз бірнеше облысқа талдау жасадық, оның нәтижесі бойынша жеке шаруашылықтардың жүздеген, тіпті миллионнан астам гектар жайылымы бар екені анықталды. Алайда оларда малдың жеткілікті саны жоқ екені анық. Бұл жерді тиімсіз пайдаланумен теңестіріледі және олар қайтарып алынады», — деді Евниев.
Бұған жер заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты мүмкіндік берілді.
«Жер заңнамасына өзгерістер енгізуге арнайы бастама білдірдік. ҚР Парламенті қабылдаған Жер кодексіне енгізілген түзетулер жайылымдарды қайтарып алып, оларды тиімді пайдаланатындарға беру тетігін орындауға мүмкіндік береді», — деді Арман Евниев.
Бағдарламаны іске асырудың бір шарасы— фермерлерге 76 млн га жайылым жерді басымдықпен бөлу. Арман Евниевтің айтуынша, жайылымдар осы бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің арасында ғана, конкурстан тыс бөлінеді.