Алматы. 28 мамыр. 7kun.kz — 27 мамырда өткен Қазақстан қор биржасында (KASE) облигацияларды орналастыру бойынша үш сауда-саттық сессиясының қорытындысына сәйкес Еуразиялық даму банкі 50 миллиард теңгені тартты.
Сауда-саттықтың бастамашысы«Фридом Финанс» АҚ болды.
Орналастыру үш лотпен өтті. Шығарылған бес жылдық облигациялардың жалпы көлемі 50 млн бірлікті құрады, әрқайсысының құны 1 000 теңге. Сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 9,5%.
Алғашқы екі лот 20 млрд теңгеден, үшінші лот 10 млрд теңгеге орналастырылды. Сонымен қатар, сауда-саттыққа қатысушылардан берілген өтінімдердің көлемі 54 млрд теңгеден асты.
Бірінші лотта институционалдық инвесторлардың үлесі 90,6%, брокерлік-дилерлік компаниялар 1,8%, өзге заңды тұлғалар 7,4%, жеке тұлғалар 0,1% болды.
Екінші орналастыруды екінші деңгейлі банктер (20,9%) және институционалдық инвесторлар (79,1%) өзара бөлісті. Үшінші лотты институционалды инвестор толығымен сатып алды.
«Еуразиялық даму банкінің борыштық қағаздарына жоғары сұраныс институционалдық инвесторлар мен жеке клиенттер тарапынан нарықтық сұраныстың бенчмарктерін дұрыс бағалау мүмкіндігін көрсетті. Бұл өз кезегінде оң Carry trade үшін кеңістік қалыптастырды және бес жылдық табыстылықты бекіту мүмкіндігін жасады. Бұл осы орналастыру қатысушыларының санын да растайды», - деді «Фридом Финанс» АҚ Инвестициялық банкинг жөніндегі басқарушы директоры Асқар Таштитов.