Выбор редактора
EURO-2016: УЕФА мен Франция қанша табыс табады?
EURO-2016 жарысынан УЕФА ұйымы 2,2 млрд еуро пайда табуды жоспарлап отыр. EURO-2012 турнирінен 1,4 млрд еуро тапқан еді. Bloomberg сарапшылары турнир шығындары мен табыстарын есептеп көріпті.
Францияда өтіп жатқан EURO-2016 – жарыстың тарихындағы ең ірі турнир. Бұрын тек 16 құрама ұатысып келсе, биыл 24 құрама бақ сынап жытыр. Сол себепті, биылғы турнирдегі матчтар, ойын өтетін стадиондар мен көрермендер саны бұрынғыдан көп. Сәйкесінше, түсетін табыс көлемі де артады. Жарысқа қатысатын елдер көп болғандықтан, келетін жанкүйерлер саны да артады.
2012 жылғы чемпионатпен салыстырғанда биыл УЕФА билеттер санын 25%-ға арттырған. Билет саудасынан түсетін табыс – 1,05 евро деп болжанып отыр. Демеушілерден келетін пайда болса, 2012 жылдан 40%-ға көп. Жалпы сомасы – 450 млн еуро. Қалған ақша матчтардың тікелей көрсетілімінен түседі. Футбол трансляциясының бағасы қымбат болғандықтан, Испания мен Италия телеарналары сатып алудан бас тартқан еді. Соған қарамастан, трансляциядан түсетін пайданың төрттен үшін еуропалық арналар өндіріп береді. (Қазақстандық Қазспорт, Қазақстан арналары да тікелей эфирде көрсетеді).
Франция үкіметі жұмсаған қаржы көлемі екі миллиардтан астам. Турнир өтетін стадиондарды жөндеп, жаңа спорт кешендерін тұрғызу үшін 1,7 млрд еуро жұмсалған. Тендерді ұтып алған компаниялардың 80%-ы франциялық екенін ескерсек, кеткен қаражаттың көбі мемлекет аумағында қалады. Жолдар мен қонақүйлерді жөндеу, қауіпсіздік үшін шамамен 500 млн еуро қолданылыпты. Париждегі 13 қараша терактісінен кейін, үкімет қауіпсіздікке ерекше мән берген. Жалпы саны 80 мың полицей мен 12 мың жеке күзет қызметкері тыныштыққа жауап береді.
"Францияның өзі үшін жарыстан түсетін табыс теңіздегі тамшыдай ғана болып тұр" дейді сарапшылар. Турнирдің экономикалық әсері – 1,3 млрд болады деп болжануда. Мұның басым бөлігі – матч көруге келген туристер жұмсайтын қаржының есебінен. Bloomberg сарапшылары шығындар мен табыстарды саралай келе, турнирдің Франция экономикасының өсуіне аз әсер ететінін және бұл әсердің ұзаққа созылмайтынын болжапты.