Алматы. 15 сәуір. 7kun.kz – 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 24,3 млрд долларды құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 15,8%-ға артық, деп хабарлайды Ranking.kz.
2015 жылғы дағдарыстан кейін шетелден келетін инвестициялар 35,5%-ға қысқарды, ал 2016 жылы инвестициялық ағындар оң динамиканы қалыптастыра бастады. Соңғы үш жылда ТШИ көлемі 58%-ға артты.
Дегенмен, Еуропалық Одақ елдерінің жартысына жуығы Қазақстанға инвестициялық ағындарды азайтты. Финляндия ҚР-дағы ТШИ-ды бірден 63,3%-ға қысқартты, бір жыл ішінде көлемі 30,1 млн доллардан 11 млн долларға дейін төмендеді. Бельгия инвестициялық ағындарды 1,9%-ға әлсіретті, бұл ақшалай баламада - 19,9 млн доллар. Ал Австрия Қазақстандағы инвестициясын 14 млн долларға қысқартып, 3,2 млн доллар ғана инвестиция салды. 2017 жылы австриялық инвесторлар ұлттық экономикаға 86,9 млн доллар жұмсаған еді. ЕО-тың 12 елі өткен жылы Қазақстанға инвестициялық ағындарды 12,2%-ға төмендетті.
Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық экономикасындағы негізгі инвесторлар - Нидерланды — 7,3 млрд доллар(+23,8%), АҚШ — $5,3 млрд (+44,7%) және Швейцария — $2,5 млрд (-14,3%). ТОП-10 инвестор-елдер барлық шетелдік инвестициялардың 89,5%-ын (21,7 млрд доллар) құрайды. Олардың ішінде Ресей (рэнкингте 4-ші орын) - 2018 жылы Қазақстан экономикасына 1,5 млрд доллар инвестиция салып, бір жыл ішінде инвестициялық белсенділікті 22,2%-ға ұлғайтты.