Париж. 25 қараша. 7kun.kz - Парижде Еуропа Инвестициялық Банкі мен «Даму» Қоры 200 млн еуролық келісімге қол қойды. Келісім Парижде өтіп жатқан Экономикалық әріптестік және даму ұйымының (ЭӘДҰ) Еуразия апталығы аясында жасалды, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Еуропа инвестициялық банкінің (ЕИБ) несие желісі «Даму» Қорына оның Акционері - «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ кепілдігімен 3 жылға берілді. Шағын және орта бизнеске қаражат екінші деңгейлі банктер арқылы ұлттық валюта – теңгемен беріледі. Бұл - кәсіпкерлер мен банктерді валюталық тәуекелден арылтады.
ЕИБ қаражаты климат өзгеруінен болған өзгерістерді оңалту, электр қуатын тиімді пайдалану, энерготиімділікті арттыру, қоршаған ортаны қорғау секілді көптеген «жасыл жобаларға» бөлінеді.
Шағын және орта бизнесті қаржыландырудың негізгі талаптары:
- Несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылына 14,58 % айналасында;
- Борышкердің қолына 1,85 млрд теңгеге дейін тиеді;
- Несиенің мақсаты – инвестициялар, айналым қаражатын толықтыру, инвестициялық қарыздарды қайта қаржыландыру;
- Инвестициялық қарыздарға 36 айға дейін, банктік қарызды 120 айға дейін созу мүмкіндігімен; айналым қаражатын толықтыру 24 айдан кем емес, бірақ 36 айдан аспайтын мерзімге;
- Салалық шектеумен;
- Теңгемен жасалады.
Алдын-ала бағамдар бойынша осы жолғы бағдарлама бойынша берілген несиелер сомасы 103,4 млрд теңгені құрап, 500 кәсіпкер «жасыл» жобаларына қаржы алады. Олар 1 мың жаңа жұмыс орындарын ашып, 87,5 млрд теңге салық төлейді деп көзделген.