Италияндық танымал Reppublica газетінің платформасында жүргізілген сауалнама бойынша, Миландағы ЭКСПО көрмесіндегі Қазақстанның павильоны колумбиялық орыннан кейінгі екінші орынға ие болды. Бұл туралы vlast.kz жазады. Астандағы ЭКСПО-ның жарнамасы болатын павильонмен толығырақ танысуды ұсынамыз.
"Бұл павильонның концепциясы өте қарапайым, бірақ Қазақстан жерін барынша "мүмкіндіктер мекені" ретінде сипаттайды. Павильонда шоу, интерактив және тарих элементтері барынша үйлескен. Павильон қабықшасы күміс түстес айнашалардан жасалған. Онда "EXPO 2017 Қазақстан" деген жазу көрініп тұр", - деп жазады италияндық «Libero» басылымы.
Италияндық басылым павильон туралы өте жоғары пікірде. Libero-ның атап өтуінше, екінші орын Қазақстан үшін маңызды жеңістердің бірі деп санауға болады. Себебі қазіргі EXPO-дағы жұмыс елде болатын көрменің негізгі дайындығы болмақ. Күні бойы павильонның тұсаукесерінде ұлттық аспаптарда дәстүрлі музыка ойнап, би биленіп тұрады.
Италияндық БАҚ-тың атап өтуінше, EXPO-дағы қазақстандық павильонға барғыңыз келсе екі сағаттық кезекте тұруыңызға тура келеді. "Кезек өте жай қозғалады. Біз бұл жерге бір ғана күнге келдік, көргеніміз аз ғана. Тек осы павильонның алдында екі сағаттық кезекте тұрмыз",- деп жазады газет көрмеге екі сынып оқушыларын ертіп әкелген римдік мұғалімнің сөзін келтіре отырып.
"Қазақстандық павильонды аралаудың өзі 45 минутты алады. Ең алдымен құмды шоу арқылы Қазақстан тарихы туралы әңгіме айтылады. Бұл уақытта тіпті ең шулы деген оқушылардың өзі тынышталып қалады. Осыдан кейін екінші қабатқа баратын эскалаторға мінесіз. Мұны қабырғаны безендірі тұрған түрлі-түсті суреттерге байланысты "Гарри Поттер баспалдығымен" салыстыруға болады. Осы арқылы жаңа заманғы Қазақстан туралы баяндайтын екінші залға кіресіз", - делінген мақалада.
"Бұл жерде қымыздан дәм татуға болады. Көп іше алмайсыз, аздап қана береді. Дәмі ерекше. Бірақ үйренбесеңіз аздап кері әсер етуі мүмкін", - дейді көрме қатысушыларға басылымға берген сұхбатында. Ең бірден-бір таңғаларлық көрініс павильон күмбезіндегі кинотеатрда жасырылған. Бұл жерде 3D-көзілдіріктерді көмегі арқылы жер жүзіне саяхат жасауға болады.
Ал павиьлоннан шыққаннан кейін италияндық журналистер қазақша қуыршақтардың бірін сатып алып, бекіре уылдырығынан дәм татуға кеңес береді.
Жалпы қазақстандық павильонда 150-ге жуық адам 3 ауысыммен жұмыс істейді. Әр күн сайын Қазақстанның мәдени бағдарламасында 40 минуттан 10 блок өткізетін әртістер тобы бар. Шараның негізгі тақырыбы - "Планетаны тамақтандыру. Өмір үшін қуат". Негізгі идея планетаның барлық тұрғындары қажетті көлемдегі сапалы және пайдалы азық-түлікпен қамтамасыз етілуі қажет дегенді білдіреді.
Бұл павильонды салуға 17 млн еуро жұмсалды. Құрылыс жұмыстары 2012 жылы Қазақстаның EXPO-Миланға қатысуын нақтылағаннан кейін 3 жыл бойы жүргізілді. Павильонның металлды панелдерінің орналасуы бидай дәнін білдіреді. Қонақтарды қарсы алушы қызметкерлердің барлығы қоңыр-қызғылт, көк түсті арнайы киімдер киген.
Қазақстандық көрмеде барлығы 6 инсталяция орналастырылған. Әрбір интерактивті қабырғада елдің ауыл шаруашылық ресурстары мен табиғи мәдениеті туралы ақпарат беріп, елдің даму идеясын түсіндіруге тырысады. Әсіресе, Арал мәселесі жайлы толығырақ атап өтілген. Төмендегі қабырғада дрон арқылы шегірткемен күрес әдістері көрсетілген. Оны тіпті басқаруға болады.
Дариға Назарбаева пайдалану туралы мәселе көтерген медициналық қарасораға, алматылық апортқа да бөлек орын қарастырылған.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, орта есеппен қазақстандық павильонға күніне 4,5-5 мың адам келеді. Бұл 2017 жылы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-ның ең үлкен жарнамасы болуы қажет.
Ал Миландағы әлемдік көрме 2015 жылдың 1 мамыры мен 30 қазаны аралығында жалғасады.
Суреттер yvision.kz, info-tses.kz сайттарынан алынды.