Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Фархат Шәріповтың фильмі Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде бақ сынайды

Фархат Шәріповтың фильмі Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде бақ сынайды

Алматы. 3 сәуір. 7kun.kz – Фархат Шәріповтың«Тренинг личностного роста»(«Тұлғалық өсу тренингі») фильмі сәуірдің 18-і мен 25-і аралығында өтетін 41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінің байқауына қатысады.

Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы өндірген. Фильм Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» атты романының желісі бойынша түсірілген. 

Әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Бірде Қанат тұлғалық қалыптасу – көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне барады. Коуч-тренер жетістікке қалай жету керектігін және көшбасшы бола білудің әдістерін айтады. Көшбасшы болудың құпияларын бойына сіңіре келе, Қанат өзін және өмірге деген көзқарасын өзгертуге бекінеді. 

Естеріңізге сала кетсек, «Тренинг личностного роста» фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінде өткен. Сонымен қатар, картинаның қоржынында екі бірдей жүлде бар –  14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесі және Нетпак жүлдесі. 

Халықаралық Мәскеу кинофестивалі - әлемдегі ең ескі фестивальдердің бірі. Оның негізі 1935 жылы қаланып, сол жылы Сергей Эйзенштейн қазылар алқасын басқарған.  Ресми түрде бұл фестиваль 1959 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Соңғы 20 жыл ішінде фестивальдің қазылар алқасын әлемнің ең белді киногерлері басқарды, олардың қатарында: Ричард Гир, Тео Ангелопулос, Алан Паркер, Глеб Панфилов, Жан-Жак Анно, Люк Бессон, Мохсен Махмальбаф бар. МХКФ бағдарлама директоры мәдениеттанушы Кирилл Разлогов, іріктеу комиссиясын ресейлік киносыншы Андрей Плахов басқарады. МХКФ президенті ресейлік режиссер, актер, Ресей Федерациясының Халық артисі Никита Михалков.  Биыл фестивальдің қазылар алқасына танымал оңтүстік Корея режиссері Ким Ки Дук төрағалық етеді. 

Похожие материалы