Коувола – Бусловская – Алтынкөл – Сиань бағдарымен жылына миллион тонна жүк тасымалданады
Алматы. 16 қараша. 7kun.kz — 10 қарашада «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны - «KTZ Express» АҚ теміржол құрамы финнің Коувола станциясынан Ресей, Қазақстан аумағымен Сианьға бет алды.
Коувола станциясындағы тұңғыш пойызды шығарып салу салтанатына Қазақстан елшілігінің өкілдері, Финляндия әділет министрі, Коувола қаласының мэрі, ҚР, ҚХР, Ресей сауда өкілдігінің, Сиань қаласының, басқа да көлік-логистикалық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Орман ағаштарын тиеген пойыз 8,5 мың шақырымды 10 күнде жүріп өтеді. Оның үш мың шақырымы Қазақстан аумағына тиесілі. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА Құрғақ портында басқа вагонға ауыстырылып, Алтынкөл шекаралық станциясынан өтетін болады.
«Финляндиямен теміржол саласындағы серіктестікті табысты деп атауға болады. Жақсы іс жалғасын табатыны сөзсіз. Қазақстан аумағы арқылы контейнерлік пойыздың Финляндиядан –Қытайға, одан кері қарайғы бағдарда транзиттік жүктерді тасымалдауы жобаға қатысушы елдер үшін маңызды оқиға»,-дейді «KTZ Express» АҚ Контейнерлік тасымалдау департаментінің директоры Алмат Кәрімов.
Солтүстік Еуропадан Қытайға контейнерлік пойызды жасақтау «KTZ Express» АҚ мультимодальдық логистикалық компаниясы мен финдік «Couvola innovation Oy» компаниясымен жүзеге асырылды. Коувола – Бусловская – Алтынкөл – Сиань бағдарымен тасымалданатын жүктердің жылдық болжамды шамасы 1 миллион тоннаға жетеді.
Атап өтерлігі, 2016 жылы желтоқсанда Қазақстан, Финляндия, Ресей, Қытай арасындағы «Шығыс көлік дәлізі» Келісіміне қол қойылды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі