Алматы. 28 наурыз. 7kun.kz - Қазақстандық тауарлардың бағасы төмендеуі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭАО) елдерін «қызықтыра» алмады. Өндірушілер өнім бағасын түсіргенімен, одақ елдеріне жіберілетін экспорт көлемі 23,5 пайызға төмендеген. Кәсіпкерлер тауарлардың өтімділігін арттыру үшін бағаны түсіргенімен, сұраныс әлі де өспеді. Бұл туралы finprom.kz сараптама агенттігі жазды.
2016 жылдың қаңтар-ақпан аралығында ЕЭАО-ға тасымалданған дайын тауарлар бағасы 2015 жылмен салыстырғанда 1 пайызға, шикізат құны 8 пайызға төмендесе, тек жартылай дайын өнімдер бағасы 2,8 пайызға артқан.
Дегенмен, Қазақстан басқа елдерден келетін тауарлар бағасы түгелдей қымбаттаған: шикізат – 14,7 пайызға, жартылай дайын өнімдер – 9,5 пайызға, дайын өнімдер 14 пайызға қымбаттаған.
Агенттік сарапшыларының айтуынша, экспортталатын қазақстандық тауарлардың арзандауы еркін айналымдағы теңге курсы әсер еткен. 2016 жылдың аяғында теңге айырбас курсының индексі долларға қатысты 59,8 пайызды, рубльге 89,9 пайызды құраған.
Соңғы жылдары Қазақстанның ЕАЭО елдеріне жіберген экспорт көлемі 3,9 млрд долларды құраған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 23,5 пайыз аз. Одан бөлек, импорттың да көлемі біршама төмендеді – өткен жылмен салыстарғанда, 13,7 пайызға азайып, 9,7 миллиард долларды құраған. Бұған дейінгі тенденция әлі өзгерген жоқ - импорт көлемі экспорттан көп.